Мұрат Нұртілеу Қырғызстанның сыртқы істер министрімен кездесті
Қазақстан мен Қырғызстанның байланысын бекемдей түсу қос тарап үшін де маңызды.
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бішкекте Қырғызстаннның сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаевпен кездестіп, екі елдің сыртқы саясатын пысықтады. Ведомство басшылары ортақ экономикалық мүмкіндіктерге ерекше мән берді.
Күн тәртібінде екі жақты форматтағы келіссөздер, кеңейтілген отырыс және қорытынды құжатқа қол қою рәсімі бар. Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу экономикалық байланыстарды дамытып, гуманитарлық ынтымақтастықты жетілдіруге екпін берілетінін айтты. Шекара мәселесі де назардан тыс қалмады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
- Бізде барлық тауарлар мен қызметтердің жалпы шекара арқылы өтуін тездетуге көмектесетін көзқарастар мен ұсыныстар бар. Бұл біз үшін өте маңызды, Қазақстан Үкіметі мемлекеттер арасындағы тауар айналымының өсуі үшін барлық күш-жігерін салуда.
Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 1,3 миллиард доллар. Жоспар бойынша алдағы уақытта оны 2 миллиардқа дейін арттыру көзделген. Жақын арада қазақстандық инвесторлар бірлескен жобаларды іске асыру үшін көрші республиканың экономикасына 70 миллион доллар инвестиция құюға дайын. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен қуаттылығы 50 мегаватт гелиоэлектростанция салу және Шу облысындағы шекара маңында бірлескен индустриялық сауда-логистикалық орталық салу жоспары бар.
Жээнбек Кулубаев, Қырғызстан Сыртқы істер министрі:
- Мен Қазақстанның Қырғызстан үшін маңызды әрі сенімді әріптес және одақтас екенін тағы да атап өткім келеді. Біз достық және өзара тиімді қарым-қатынастардың жан-жақты дамуына баса мән береміз. Биыл біз барлық жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімдімін.
Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлерінің келіссөздерінің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Ал сәуір айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Астанаға ресми сапары жоспарланған. Осы және өзге де мәселелер Президентпен болған кездесуде талқыланды. Тараптар екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысының маңыздылығына тоқталды. Келісімдер бойынша барлық салада белсенді жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.
Сымбат Молдатай, Бақыт Чермашев