Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болады
Шанхай ынтымақтастық ұйымы тағы бір мемлекетпен толығады, деп хабарлайды 24KZ.
Шартараптың жарты бөлігін қамтитын ұйымға мүшелікке бұл жолы Беларусь елі қосылуға мүдделі. Тарихи шешімді Астанада өтетін саммит кезінде қабылдау жоспарланып отыр. Халықаралық іс-шара шілде айында ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев мәлімдеді. Жүзеге асса, Беларусь Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына енген оныншы ел болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның төрағалығы аясында биыл елімізде бірнеше халықаралық іс-шара өтеді. Ұйымның цифрлық форумы, Алтын Орда және оның мұрасы сияқты ірі жобалар бар. Сонымен қатар экология жылын ЮНЕП ұйымымен бірлесіп өткізу жоспарда. Осы арқылы жобаның аясын кеңейте түсу көзделіп отыр.
Мұрат Мұқышев, ҚР ШЫҰ бойынша ұлттық үйлестірушісі:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы әркез ашық. Жаңа мүшелерді қабылдауға үнемі дайын. Беларусь мемлекетіне қатысты бастама 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп, аяқталуға жақын қалды. Мұндай маңызды стратегиялық шешім Қазақстанның төрағалық етуімен қабылданады. Қазақстан төрағалық ету арқылы ұйымға мүше елдердің идеясын жүзеге асыруды көздейді. Ол қауіпсіздік бойынша ынтымақтастықты нығайту, сауда-саттық, экономика және мәдени-гуманитарлық байланысты арттыру болып отыр. Нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Оларды біртіндеп жүзеге асыра береміз.