Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

Былтыр еліміздің шойын жолдары арқылы өтетін транзиттік тасымалдау көлемі 18 пайызға ұлғайып, 27 миллион тоннадан асқан.

Бұл жөнінде бүгін Президент қабылдауында болған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Көрсеткіштің артуы есебінен компанияның кірісі де 29,3 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгеге жеткен. Былтырғы таза табыс 154 миллиард теңгеден асты. Тағы Нұрлан Сауранбаев Сиань қаласындағы құрғақ портта жүк терминалының құрылысы аяқталғанын да айтты. Қытайдың ең ірі логистикалық хабында орналасқан бұл терминал елімізге қарай жүктердің тұрақты тасымалдануын қамтамасыз етеді және отандық экспорттаушылар үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның инвестициялық жобаларын іске асыру маңызды екенін атап өтіп, еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселесіне баса назар аударды.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Өндіріс көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Жүк айналымы 270 млрд тонна/км құрады. Локомотив паркін белсенді түрде жаңарту жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа темір жолдар кестеге сай жүріп жатыр.