Жауапсыз құрылыс компанияларын қатаң жазалау ұсынылды
Жауапсыз құрылыс компанияларын қатаң жазалау керек.
Үлескерлер мәселесін көтерген Сенат депутаты Геннадий Шиповских осылай деп, талап пен бақылауды күшейтуді ұсынды. Тіпті құрылыс компанияларының иесін ғана емес, оларды жарнамалаған блогерлер де жауапкершілікке тартылуы тиіс. Депутаттың айтуынша, соңғы 3 жылда 5 мың үлескер зардап шегіп, 45 қылмыстық іс қозғалған. «Баспаналы боламын» деп, сан соғып қалғандардың дені Астана тұрғындары. Алайда күдіктілер келтірген шығынды мемлекет жауып отыр. Сол үшін сенатор жымысқы әрекетке барғандарды түгел ұстап, қатаң жазалауды ұсынды.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 млн теңгеге айыппұл салыпты. Яғни орта есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыппұл салынған. Бұл дегеніңіз бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Ал келтірілген залал 30 млрд теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион, залал 30 миллиард. Бұл парадокс емес пе?