Өңірлік жастар кадрлық резерві жасақталады
Наурыз айының 1-нен бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады.
Оған 35 жастан аспаған және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі үш жылдан кем емес азаматтар қатыса алады. Аймақ жастары үшін әлеуметтік баспалдаққа айналуы тиіс жобада бақ сынауға Қызылордадан 15 үміткер ниеттеніп отыр.
Марат Айтқожа мемлекеттік қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүр. 2017 жылы президенттік кадрлық резервін жасақтау байқауына қатысқан. Жарты жолда сүрінген жас маман мақсатына жетпей тоқтамауға бел буып, өңірлік іріктеуге де құжат тапсырмақшы. Әлеуметтік саясат бағытын таңдаған Марат осы сыннан мүдірмей өтетініне сенімді.
Марат Айтқожа, үміткер:
- Осы бастамаға бүкіл өңір жастарын қызығушылық танытып, өз деңгейін анықтау үшін қатысуға шақырамын. Өзім де жақсылап дайындалып, резервке кіруге тырысамын және үміттенемін. Кадрлық резервке кіру критерийлері аса ауыр деп айта алмаймын. Бұған тек шынымен ынта білдіріп дайындалса ойлаймын әрбір азаматтың өтуге мүмкіндіктері жеткілікті.
4 кезеңдік іріктеуге үміткерлер онлайн тіркеліп, қабілеттілік тестілеуден өтеді. Одан әрі заңнама саласындағы білім-білігі мен жеке қасиет дағдылары тексеріледі. Біліктілігін дәлелдегендер Астанаға әңгімелесуге шақыртылады. Сүзгіден өткендерді өңірлік комиссия мүшелері 3 критерий бойынша бағалайды.
Ерлеген Мендәлиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы:
- 1-сі бұл аналитикалық дағдылары. 2-сі білімнің тереңдігі. 3-сі қарым-қатынас. Коммуникативтік дағдыларын бағалап, ең соңында комиссия Қызылорда облысы бойынша 10 үміткерді резервке қою туралы шешім қабылдайды. Бұл жұмыстарды маусым айының 17-сінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Іріктеуді үйлестіруші мекеме қызметкерлері ауыл-аймақты аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев