Өңірлік кадр резервінің қатысушыларына қойылатын талаптар

Аймақтарда талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыру.

Өңірлік кадр резервінің мақсаты осы. Iріктеуден өткендер жергілікті жерде жаңаша өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Аймақты дамытуға үлес қосады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тағы бір тоқтала кетейік.

Үміткер ел азаматы, жасы 35-тен аспауы тиіс. Жоғары білімді және еңбек өтілі 3 жылдан аз болмауы маңызды. Өңірлік кадр резервтеріне іріктеуге өтініштерді қабылдау 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында жүзеге асырылады.

Резервшілердің саны аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарына сәйкес жасақталады. Оларды өңірлік кадр комиссиялары бекітеді. Іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Олар құжаттарды қабылдау, тестілеу, құзіретті бағалау, сұхбат және комиссияның отырысы. Кадрларды іріктеуде Индустрия, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен, экология, экономика, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы және цифрландыру секілді бірқатар салаға басымдықтар беріледі.