Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы
Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту маңызды.
Бұл мәселе бүгін Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысының күн тәртібінде қаралды. Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресей Федерациясы үкімет басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Бүгінгі таңда ЕАЭО – 190 миллион халқы бар, 2,7 триллион доллар ЖІӨ бар серпінді дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда 2015 жылдан 2022 жылға дейін екі есе өсіп, 85 миллиард долларға жетті.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Өткен жылғы маңызды оқиға «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясының қабылдануы болды. Бұл құжат еуразиялық кеңістіктегі алдағы 5 жылға арналған интеграциялық процестердің негізгі бағыттарын айқындайды. Декларацияны іске асыру біздің экономикаларымыздың дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нақты экономикалық жобаларды іске асыру үшін барынша күш салу қажет.
Бүгінгі кеңеске Қырғызстанның үкімет жетекшісі Ақылбек Жапаров қатыса алмады. Бішкектегі жылу электр стансасындағы апатқа байланысты ол шұғыл еліне ұшып кетті. Оның орнына Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев қатысты. Айта кетейік, биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мемлекеті төрағалық етуде.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің төрағасы:
- Қаңтар айынан бастап одаққа төрағалық ету функциясы Арменияға берілді. Біз интеграцияны одан әрі дамыту үшін Армения мемлекеті ұсынған басымдықтарды мұқият зерделедік, олар көп жағынан Ресей мемлекетінің ұстанымына сәйкес келеді. Біздің еліміз оларды жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тығыз экономикалық ынтымақтастыққа жол ашады.
Бақытжан Сағынтаев, ЕЭК алқасының төрағасы:
- Цифрландыру әрқашан біздің назарымызда, 2023 жылдың қорытындысына назар аударсақ, цифрлық процестердің динамикалық үрдісі байқалады. Ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарын бірлесіп әзірлеу жалғасуда. Бұл біз үшін маңызды.
Кеңес отырысында бұдан өзге экономикалық одақ аясында электронды коммерцияны ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасау, одаққа мүше елдердің темір жолдарының интеграциялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Еуразиялық үкіметаралық кеңестың келесі отырысы мамыр айында Беларусьте өтеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов