Елнұр Бейсенбаев: Жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр

Елнұр Бейсенбаев: Жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр

«Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жаңадан тағайындалған Үкімет басшысына елдегі бірқатар өзекті мәселе барын айтты.

Құрметті Олжас Абайұлы, елімізде бүгіннің өзінде ондаған жылдар бойы қордаланған бірқатар өзекті мәселе бар. Оның ішінде, еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, баспанаға кезекте тұрған азаматтар санының 640 мыңнан асуы, өңірлердегі су тапшылығы, ТЭЦ-тердің әбден тозуы, медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермеуі, мемлекеттік сатып алу жүйесінің олқылығы және т.б. проблемалар, – деді «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

Жасақталатын жаңа Үкімет осы секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты тез арада ширатуы қажет деп есептейтіндерін жеткізді.

Алдағы уақытта Үкіметтің жұмысы Фракция тарапынан бақылауда болып, оның әрбір шешімі депутаттар тарапынан нақты сұралатын болады. Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай, қолды болған активтерді қайтару бойынша маңызды заңды қабылдадық. Енді жаңа Үкіметтің алдында елден шығарылған миллиардтаған қаржыны қайтарып, ел игілігіне пайдалану міндеті тұр, – деді ол.

Ол жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр екенін айтты.

Елдің артқан аманатын, Президенттің қойған міндеттерін, депутаттардың білдірген сенімін ақтау жауапкершілігі тұр... Осыған орай, барлық билік өкілдері бірігіп, Президенттің қойған міндеттерін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен атқаруымыз керек, – деді Елнұр Бейсенбаев.