Үкімет инерциялық даму қаупін еңсере алмады
Бұл туралы «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында айтты.
Дәл осы шақта бәріміз де еліміздегі ауқымды өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Ал экономикалық даму бағытындағы қол жеткізген көрсеткіштер оң болғанымен, қарқынды өзгерістер байқалмайды. Үкімет инерциялық даму қаупін еңсере алмады. Бұл ретте әлем елдері де бір орнында тұрған жоқ. Бәсекелестіктің қарқыны үдеп барады. Уақыт өте аз. Мұнайға жоғары бағаның болуы, басқа да «мүмкіндіктер терезесі» тарылып барады – деді ол.
Мұндай жауапты да тарихи кезеңде ел экономикасы антикризистік қана емес, әлдеқайда қуатты, ұтымды, жедел іс-әрекеттерді қажет етеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан Еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету мәселелеріне ерекше көңіл қоюымыз керек. Экономиканың дамуын қамтамасыз ететін іс-шараларға қаражат бюджетте жеткіліксіз. Бірақ «бюджет ол мәселенің түбірі емес, ол тек салдары ғана». Мәселенің түп-төркіні, сол қазынаны толтыратын экономиканың әлеуетінде болып тұр. Дамыған шет елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі жалпы ішкі өнімнің 35-50% құрайды. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазіргідей 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуы керек еді. Осындай табыспен елде ең төменгі жалақы 85 мың, ал ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді –деді депутат.
Сондықтан да экономикалық өсім мен бюджетті толықтырудың жаңа қайнар көздерін зерделеу қажет. Әйтпесе нашар немесе өте нашар шешімдер арасында таңдау жасаланып отырады.
Үкіметтің жаңа құрамы өткеннен сабақ алып, өз қызметін жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Постқантарлық Үкіметтің экономиканың барлық саласында құрылымдық өзгерістерге бағытталғанына қарамастан, Үкіметтің отставкасы көптен күтілді. Өйткені Үкімет 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің екі есе өсуіне берік негіз жасады деп айтуға болмайды. Президент көрсеткен жаңа экономикалық модельдің аясында, еліміздің барлық артықшылықтарын пайдалана отырып, түбегейлі экономикалық серпіліс жасауымыз керек – деді Айдарбек Ходжаназаров.
Respublica партиясының фракциясы ұсынылған премьер-министрдің кандидатурасын қолдайтынын айтты.
Қазақстан азаматтарының әл-ауқатының жақсаруы мен ел экономикасының жандануына бірлесіп аянбай еңбек етуге дайынбыз. Біздіңше, жаңа премьер-министрдің орталық және өңірлік деңгейде жұмыс істеу барысында жинаған мол тәжірибесі Қасиетті Атамекеніміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айрықша ықпал етеді деп сенеміз – деді ол.