Жаңа Үкімет басшысы туралы не білеміз?
Жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті. Мәжілістің пленарлық отырысына қатысқан Мемлекет басшысы осылай деп жаңа Премьер-министр Олжас Бектеновтің қарым-қабілетіне сенім білдірді.
Үкімет жаңадан жасақталып жатыр. Алдымен Мемлекет басшысының жарлығымен Премьер-министр тағайындалған еді. Соның ізін ала жаңа құрамдағы бірнеше министрдің есімі белгілі болды. Оларға артылған жүк ауыр. Үкімет тұтқасын ұстаған Олжас Абайұлына да қойылған талап жоғары. Жаңа Премьер-министрдің кандидатурасы Парламенттегі саяси партия фракцияларынан да қолдау тапты.
Бекзат Аманов, тілші:
- Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті тарату туралы Жарлыққа қол қойған еді. Енді бүгін жаңа Премьер-министрді тағайындау туралы қаулы шығарды. Осы тұрғыда айта кетейік, Олжас Бектеновтың кандидатурасын «AMANAT» партиясы ұсынды. Ізін ала Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттардан қолдау тапты. Айтпақшы, бұл жиынға Президент те қатысты. Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтты. «Бұл жай ұран емес, нақты жоспар", - деді.
Барлық іс-әрекет Әділетті Қазақстанды құру қағидатына сай болуға тиіс екенін еске салды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл жерде, әрине, ең алдымен Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие.
Президент жаңа Үкімет басшысының қарым-қабілетіне сенім артып, кандидатурасын қолдады. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді. Өз кезегінде жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Депутаттар бұрынғы Үкіметтің ауқымды жұмыс атқарғанын айтты, алайда бұл жұмысқа серпіліс керек.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол мына жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарғанда да біз елімізден заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару жайын бірнеше рет талқыладық. Депутаттық сауалдарымызды оның атына жолдаған болатынбыз және ол біздің сауалдарымызды, ұсыныстарымызды мұқият қарап, жай қалдырмай, нақты шешуге мүдделі болатын.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты
- Біріншіден, Олжас Абайұлы – өңірде жұмыс істеген кісі. Ол әкімшіліктің, жергілікті органдардың қалай жұмыс істейтіндігін, Ақмола облысында болған кезде халықпен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Кабинеттен шыққан адам деп айтуға болмайды. Жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарғаннан кейін ол осы нақты экономикалық жүйені осы жемқорлыққа қарсы көзқарасы бар деп сенеміз.
Бұған Олжас Абайұлының қарым-қабілеті жетеді. Сарапшылардың пікірі осындай. Себебі ол осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында ауқымды жұмыстар атқарды. Сарапшылар қатаң тәртіп пен жоғары талап қоя білетін басшы ретінде көзге түскенін айтады. Өмірбаянына зер салсақ, ол 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бірнеше әкімдікте жұмыс істеп, өңірлерде де жиған тәжірибесі бар. Депутаттар жаңа Үкімет елдегі азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, баспанаға кезекте тұрған азаматтар, өңірлердегі су тапшылығы, жылу электр станцияларының әбден тозуы, медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермеуі, мемлекеттік сатып алу жүйесінің олқылығы сынды мәселелермен күресу керек деген талап қойды. Бұл іс әрі қарай да төменгі палата өкілдерінің бақылауында болады. Сондай-ақ елден заңсыз жолмен жылыстаған миллиардтарды қайтару күн тәртібінен түскен емес. Ал бұл Үкіметтің жаңа басшысына таңсық емес. Демек осы іс те ширай түседі деген сенім бар.
Естеріңізге сала кетсек, ертең Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Отырысқа Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Демек Президент жаңадан жасақталған Үкіметтің алдына нақты мақсат қоймақ.