Мемлекет басшысы өнеркәсіп министрлігін сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өндіріс саласындағы мәселелерге тоқталды.
БЕСІНШІ. Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес, – деді Президент.
Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған.
Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ. Көптеген жобаны қаржыландыру көздері айқындалған жоқ. Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек, – дейді Тоқаев.
Үкімет халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайта түсуі қажет.
Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни, уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек. Келесі маңызды міндет бұл – қазіргі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесі. Бұл жұмысты, ең алдымен, әбден тозған металлургия комбинаттарынан бастау керек. Өйткені, ондағы жағдай өте нашар деуге болады. Себеп – бәрімізге белгілі. Өндірісті дамытуға және жаңғыртуға қажетті инвестиция салынбайды. Соның салдарынан дайын өнімнің қосылған құны төмендейді, сапалы жұмыс орындары азаяды, – деді Президент.