Мемлекет қаржысы табыс әкелуге бағытталады
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет жұмысының жаңа басым бағыттары туралы баяндады.
Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне 10 күнде республикалық бюджетке ревизия жүргізуді тапсырды. Енді жауаптылар шығыстарды айтарлықтай қысқартуға міндетті. Үкімет басшысы салық салу ісіне де серпіліс керектігін сөз етті. Кодексті қайта жазып, кәсіпкерлерге қолайлы етуді жүктеді. Сондай-ақ алда Отандық өндіріс өкілдерінің өнімдерін қолдау да қарқын алады. Тіпті құрылыс саласында отандық өндірушілердің өнімдерін көптеп қолдану керектігін тапсырды. Алпауыт кәсіпорындарды да қазақстандық тауарлар мен қызмет түрін пайдалануға шақырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Үкімет алдына жаңа экономикалық бағдарды іске асыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру үшін Мемлекет басшысы айтып өткен барлық 10 бағыт бойынша экономиканың дамытудың ұзақ мерзімге арналған жүйелі пайымын тұжырымдау қажет. Сапалы экономикалық серпіліс жасау үшін барлық ықтимал ресурстарды толық көлемде пайдалануымыз керек.