Өзбекстандық сарапшылар Қ. Тоқаев бастамаларына талдау жасады

«Қазақстаның жаңа жасақталған Үкіметі аймақтағы елдермен ынтымақтастықты күшейтері сөзсіз». Біздегі соны өзгерістерді сырттай бақылап отырған өзбекстандық сарапшылар осындай пікір білдірді.

Олар мемлекеттің экономикадағы үлесі мен бизнеске қысымды азайту жөніндегі Президент шешімін жоғары бағалады. Тіпті мұндай бастаманың ішкі және сыртқы инвестиция ағынын арттыруға сеп болатынын айтып отыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстандағы экономикалық дамуға ықпал ету орталығының басшысы Юлий Юсупов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысында көтерген бастамаларына талдау жасады. Ол бизнеске әкімшілік қысымды төмендету, бюджет тапшылығын азайту мәселелеріне ерекше назар аударған. Экономист мемлекеттік сатып алу кезінде орта бизнеске басымдық берілуін құптайды.

Юлий Юсупов, тәуелсіз сарапшы, экономикалық дамуға ықпал ету орталығының басшысы:

- Отырыста қаржыландыру бағытындағы маңызды мәселелер көтеріліп, бюджет тапшылғы болғаны айтылды. Менің ойымша, бұл реттегі мәселелер мемлекеттің экономикадағы үлкен үлесінен туындап отыр. Мемлекет үшін қаржы шығыны жеке сектордан болғаны ұтымды. Ал барлық жобаны Үкімет тарапынан қаржыландыру экономикаға жүк түсіреді. Кейбір кезде қолға алынған бағдарламалар ойдағыдай нәтиже бермей жатады. Бұл кезде мемлекет зардап шегеді.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттің экономикадағы үлесін жеке сектор ығыстырса, онда қазақстандық нарықта жоғары бәсекелестік қалыптасады. Ол үшін алдымен елдегі инвестициялық климатты жақсартқан жөн.

Юлий Юсупов, тәуелсіз сарапшы, экономикалық дамуға ықпал ету орталығының басшысы:

- Қазақстандағы инвестициялық климат жаман емес. Алайда бірқатар мәселе де бар. Мысалы, Қазақстанның бұған дейінгі Үкіметі қосымша құн салығын көтеру бастамасын қолдады. Бұған қоса бірқатар салада жасанды монополия бар. Олар дамуға кедергі болып отыр. Егер бюрократия мен монополиядан арылса, онда шетелден жеке инвестициялар келе бастайды. Олқылықтар жойылмаса, қаражат тек мемелекеттің тікелей араласуымен жасанды түрде тартылады.

Өзбекстандық мамандарды еліміздің су-энергетикалық бастамалары да қызықтырмай қоймайды. Себебі Орталық Азия үшін осы салаға арналған жаңа диалог алаңының қажеттігі көптен бері айтылып жүр. Әр мемлекет өзіндік әрекет ететін кез келмеске кетті.

Равшан Назаров, су саласы бойынша сарапшы:

- Су ресурстарына қатысты мәселе өте өзекті болып отыр. Орталық Азия көшбасшыларының осыған дейін 5 консультативтік кеңесі өтті. Әрбірінде тіршілік нәріне деген қолжетімділік қиындап бара жатқаны айтылады. Мәселені атқарушы органдар да өзара талқылап, тиімді шешу жолын қарастыруы керек.

Жалпы Президент Үкімет отырысында экономикадағы өзекті мәселелерді атап қана қоймай, жүзеге асыру жолдарын көрсетті. Соған сай жауапты ведомстволар жаңа қарқын, тың серпінмен жұмысқа кіріспек. Осы ретте көрші ел экономистері жаңадан жасақталған Үкімет аймақтағы елдермен, оның ішінде Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайтады деген сенімін де білдірді.

Авторы: Рауан Мыңбаев.