Қ. Тоқаев Қатар Әмірімен келіссөз жүргізді
Қатар Әмірінің резиденциясында өткен қабылдауда Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 30 жылда Қазақ-Қатар қарым-қатынастары жақсы кезеңге аяқ басқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қос мемлекеттің арасында саяси диалог, экономикалық серіктестік және мәдени-гуманитарлық байланыстар орнықты. Соңғы үш жылда қол жеткен келісімдер түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды. Қазақ басшысы Қатар нарығына 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты 250 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін, таяу келешекте тауар айналымын 500 млн долларға дейін арттыруға ниетті екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласында ынтымақтастықты арттыратын әлеуетке назар аударды. Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де әңгімеге арқау болды.