Дохада қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелі өтті

Қос елдің қалталы кәсіпкерлерін жиған алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта қатысты.

Негізгі тақырып - екі тараптың экономикалық байланысын дамытуға арналды. Жуырда алыс-берісіміз артады. Инвестициялық ахуал жақсарады. Президент экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен кәсіпкерлер қауымдастығына алғыс айтты.

Алқалы жиындағы алғы сөз Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен іске асып жатқан жобаларға арналды. Президент елдегі ауқымды реформаларды да тілге тиек етті. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев қатардың қалталы инвсеторларын ел экономикасына қаржы құюға шақырды.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жаңа экономикалық бағытты ұсындым. Аталған бастама анағұрлым қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – өршіл, бірақ орындалатын міндет. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз.

Президент өткен жылы Қазақстанға 28 млрд доллар тікелей инвестиция тартылғанын айтты. Сонымен қатар, жаңа инвестициялық циклдің іске қосылғанын атап өтті. Тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан экономика кез келген инвестор үшін тартымды. Бұл ретте Қазақстан нарығының әлеуеті жоғары және бізде қолаулы инвестициялық климат қалыптасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Бұл «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік.

Қатар бизнесі Қазақстанның логистика саласына, көліктік хабтар мен өзге де ірі инфрақұрылымдық жобаларына қатыса алады. Мұның сыртында, ауылшаруашылығы саласы да бар. Қатар кәсіпкерлерінің қызығушылығы Президентке жақсы мәлім.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады. Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Біз бұл бастаманы қолдауға әзірміз. Сондай-ақ ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдер өндірісін дамытуға әрі оларды алдағы уақытта Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделіміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және әлем экономикасына қажет басқа да аса маңызды шикізат түрлерін өндіру мен өңдеу ісіне атсалысуға шақырды. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылса, ол бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыратын алаң болатынын атап өтті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қос тараптың іскер топтары бірқатар құжатқа қол қойды.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Сондай-ақ Президент Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйледі. Бұл бізше айтқанда Парламент. 2021 жылы ғана депутаттарын сайлаған Қатар мәжіліс Әш шура мүшелеріне Қазақстанның жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді. Мемлекет басшысы Қатардың бітімгерлік рөліне және әлемдегі көптеген жанжалды, соның ішіндегі Палестинадағы жағдайды реттеуді көздеген мәмілегерлік әрекеттеріне жоғары баға берді. Кездесуде Қатар Мемлекеті Консультативтік Кеңесінің төрағасы Хасан бен Абдулла Әл Ганима сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапары екі елді стратегиялық серіктес деңгейіне жеткізгенін айрықша атап өтті.

Авторы: Берік Дүйсенбай