Өзбекстан cыртқы істер министрі Астанаға келді

Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіп саласында 20-дан астам бірлескен жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Оның жалпы құны 1 млрд долларға жетеді. Бұл жөнінде бүгін екі елдің сыртқы істер министрлері елорда төрінде талқылады. Жалпы бүгінде іргедегі көршімізбен алыс-беріс жаман емес. Арадағы тауар айналымы жылына 4,5 млрд долларға жетеді. Жақын арада бұл көрсеткішті арттыру көзделген. Тағы тараптар жаңа теміржол бағыттарын салып, жүк транзитінің көлемін арттыру жайын да қаузады.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа теміржолдарды салу жобалары ерекше назарда. Өз кезегімде шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеделдету бағытында нақты қадамдар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақ тарапы бұл мәселені ортақ мүдде тұрғысынан қарап, ортақ өзіміздің мүддемізге сәйкес шешуге дайындығын атап өттім.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстан университеттерінде 6 мыңнан астам Өзбекстан азаматы білім алады. Ал былтыр Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Ташкент инженерлік ирригация және механизация ауылшаруашылығы институтының филиалы ашылды. Енді екі мемлекет осы бағыттағы жұмысты қарқынды түрде жалғастырмақ ниетте. Елімізге ресми сапармен келген Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов сауда экономикалық байланыстар екі республика үшін де басым бағыттардың бірі екендігін атап өтті.

Бахтиёр Саидов, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан біздің Орталық Азиядағы ірі сауда серіктесіміз. Соңғы жылдары арадағы сауда-саттық екі есе артты. Біз оны енді 3 есеге дейін арттыру тетіктерін талқыладық. 2024 жылы біз Қазақстанда Өзбекстанның мәдени күндерін өткізетін боламыз. Онда қазақстандықтарға өзбектің киносы, халық өнерінің туындылары көрсетіледі деп жоспарланған.