Тоқаев: Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ
Қазан қаласында «Болашақтың ойындары» атты халықаралық кибер-бәсекенің ашылу рәсімі өтті.
Салтанаты жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мұндай дүбірлі дода фиджитал форматта алғаш ұйымдастырылып отыр. Сайыстың салмағын құрметті қонақтардың көптігінен де аңғаруға болады.
Жиынға 6 мемлекеттің басшысы келді. Мәртебелі меймандармен 10 жастағы қазақстандық футболшы Жан Әли Ермағанбетов те кездесті.
Бұл – «Қазан экспо» көрме орталығы. Бір сәтте виртуалды әлемге айналған ғимарат іші қарбаласқа толы. Кибер-сайысқа жиналған қауым заманауи технологияның кереметін қызықтап, жасанды интелектің қабілетіне тәнті болды. Косплей шоу һәм түрлі-түсті бояумен безендірілген құрылғылар бейнеойын әлеміне кіріп кеткендей әсер қалдырады. Қысқасы, киберспорттың кереметі кіреберістен сезіледі. Мұнда арнайы құрылғылар арқылы дәстүрлі спортпен де шұғылдануға болады.
Тауға шығып, шаңғымен сырғанау қызықты, бірақ қауіпті. Сол үшін көп адам басын бәйгеге тіге алмай жатады. Дегенмен, енді осындай фиджитал технологияның арқасында шаңғымен сырғанауды оңай меңгеруге болады. Бұл үшін тауға шығудың қажеті жоқ, тіпті мен сияқты классикалық киім үлгісімен, галстук тағып шаңғымен сырғанай аласыз.
Иә, заманауи технология көп мүмкіндікке жол ашады. Шараға ресейлік компаниялардың тиянақты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Қазақстандық өнертапқыштар да құр алақан емес. Мәселен, бұл семсерлесу спортына баулитын құрылғы. Спортқа алғаш келгендерді баптап, жаттықтырады. Өнертапқыштың компаниясы біздің елде орналасқан.
Игорь Мельников, өнертапқыш:
- Әлем бір орында тұрған жоқ. Әсіресе, цирфландыру саласы жылдам дамып келеді. Жасанды интелект, виртуалды шындық – болашақ емес, бүгінгі көрініс. Бұл құрылығы арқыры спортқа қашықтан баулуға болады. Виртуалды сабақ десем қателеспеймін. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмады, енді біздің құрылғының арқасында көптің қалауы орындалды.
Бұл киберспорт жанкүйерлері көптен күткен сәт. Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты дәл осы үлкен алаңда өтті. Салтанатты шараға 6 елдің Президенттері қатысты. Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Владимир Путин жарысты ашық деп жариялады. Соның ізін ала қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турнир қатысушыларына сәттілік тілеп, келесі ойынды Қазақстанда өткізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Ресейдің Президенті Владимир Владимирович, ең алдымен, Сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойын Қазақстанда өткізейік.
Бейнеойын бәйгесіне қызығушылықтың артуы бекер емес. Киберспорттың келешегі зор. Дота 2, Контр страйк және Уарфэйс. Бұлар енді көңіл көтеретін құр ойын ғана емес, кәсіби спорт. Ал бұл сайыстың басты ерекшелігі – спортшылар компьютер алдындағы ойынмен шектелмейді. Киберспорттан кейін оларды дәстүрлі спорт алаңы немесе лазертаг күтеді. Демек, сайысқа қатысушылардың білектілігі де, біліктілігі де қатар сыналады.
Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:
- Отандастарымыз 13 спорт түрінен бақ сынайды. Бұл бәсекеге адамның қарым-қабілеті мен компьютерлік ойынды ұштастыру арқылы сұраныс арта түсті. Бұл – жаңа формат. Сол үшін біздің елде де қызығушылық жоғары. Мұндай сайысты белсенді түрде дамытуды ұсынамыз. Қазір отандық ойыншылар стратегия, тактика, жылдамдық жағынан мықты. Дота 2, Контр страйк сынды ойындарды атап өтуге болады.
Ал жарысқа қатысушылар барлығы 21 спорт түрінен бақ сынайды. Қазақстаннан 50-ге жуық ойыншы келді. Оларды қолдау үшін Қазанға арнайы келген отандастарымыз да жетерлік.
Кирил Миличкин, жанкүйер:
- Мен осы ойынды көру үшін арнайы Алматы қаласынан келдім. Фиджитал деген жаңа дүние. Сондықтан да қызық. Қазақстандағы киберспорттың болашағы мықты деп ойлаймын.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін мәртебелі меймандар «Қазан Экспо» кешенін аралады. Экскурсия барысында қонақтарға Dota 2 конгресс-залы, арт-нысандар, «фиджитал-зертхана» көрсетілді. Сондай-ақ дене шынықтыру мен киберспортты біріктіретін инновациялық «фиджитал-қозғалыстың» ерекшеліктері таныстырылды. Одан кейін Президент «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. Халықаралық команданың құрамында «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те бар.
Жан Әли Ермағамбетов, жас футболшы:
- Бүгінгі шара қызықты өтті. Көп елдің Президенттерін көрдім. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлымен сөйлескенде ерекше сезімде болдым. Сұрақтарына анық жауап бердім. Менің тегімді сұрады.
Бекзат Аманов, тілші:
- Фиджитал турнирде бақ сынау үшін әлемнің 100-ден аса елінен мыңнан аса ойыншы келді. Жанкүйерлердің де қарасы қалың. Ойынды онлайн тамашалауға да мүмкіндік берілген. Ал жүлде қоры болса 10 млн доллардан асып жығылады. Байқағандарыңыздай киберспорттың көкжиегі кеңейіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, біздің спортшылардың да бұл бәсекеде бәсі жоғары. Сол үшін қазақстандық тарап осындай сайыстарды елде өткізуге ниетті.
Авторы: Бекзат Аманов