Президент Сауд Арабиясының Короліне құттықтау жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы, Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудты Сауд Арабиясы Корольдігінің негізі қаланған күнімен құттықтады.

Жеделхатта «Біз Корольдікті Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп білеміз. Осы ретте дәстүрлі достық пен мазмұнды саяси диалогқа негізделген ықпалдастығымыз өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымызды нығайтуға арқау бола беретініне кәміл сенемін» деп жазылған. Президент Сауд Арабиясының саяси тұғыры берік, экономикасы қарыштап дамыған халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтті. Сондай-ақ ел Короліне мол бақыт, ұзақ ғұмыр, ал бауырлас сауд халқына бақ-береке тіледі.