Президент Абай облысының әкімін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдады.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндалды. Былтыр аймақ экономикасына 570 миллиардқа жуық теңге инвестиция салынған. Өнеркәсіп өндірісі, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы салаларында өсім байқалады. Президент тапсырмасына сәйкес облысты дамытудың кешенді жоспары іске асырылып жатыр. «Қаражыра» кен орнында көмір-химия кешенін және үшінші жел электр станциясын салу жобалары пысықталуда. Өңір туризміне оң серпін беретін «Семей – Тачэн» әуе рейсін ашу қолға алынды. Аймақ халқын таза ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін 46 жоба қарастырыпған.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
- Президентке өңіраралық шекара маңы ынтымақтастығының дамуы туралы қол жеткізілген келісімдер туралы, сонымен қатар Семей қаласындағы ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу барысы, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету шаралары және биылға жоспарлаған жобалар жайлы баяндадым. Қ.Кемелұлы облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.