Қазақ-татар ынтымақтастығы артады

Қазақстан мен Татарстан арасында жоғары технология саласы бойынша серіктестік аясы кеңейеді, деп хабарлайды 24KZ.

Ресей Федерациясына ресми сапармен барған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазан қаласында болып, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Мәжіліс спикері Президенттің Қазақстанды «ІТ-мемлекетке» айналдыру жөніндегі стратегиялық міндет қойғанын атап өтті. Ал Рустам Минниханов қазақ елімен ІТ-парктер әлеуетін біріктіруді ұсынды. Кездесу соңында Татарстан Раисы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақыруды ризашылықпен қабылдады. Ал Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшин өзара мәдени және туристік байланысты күшейтуге ниетті. Сонымен қатар парламентшілердің тұрақты диалогы маңызды екенін айтты. Ерлан Қошанов әріптестерін Мемлекеттік кеңестің 30 жылдығымен құттықтап, қызметтеріне толағай табыс тіледі.