Қауіпті аймақтардан елге қайтарылған балаларды оңалту жалғасады
Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ қоры қауіпті аймақтардан елге қайтарылған балаларды оңалту ісінде көмек көрсетуді жалғастырады.
Орталық Азияда 2 жыл бойы тиісті бағдарлама аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Қазір оның алғашқы кезеңі аяқталды. Осы күнге дейін 250 маман арнайы оқытудан өтті. Соның 130-ы қазақстандықтар. 7 өңірде 7 қоғамдық топ құрылып, қауіпті аймақтардан қайтарылған азаматтар жайлы ақпарат алмасу жүргізілген. Қазір бағдарламаның келесі кезеңі басталды. Ол 2025 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.
- Қанша жыл болды Иракта жүргеніңе?
- 6 ма, 7 ма?
- Қай жақтыкісің өзің?
- Орал.
- Еліңді сағындың ба?
- Аха.
Бұл кадрлар осыдан 5 жыл бұрын «Русафа» гуманитарлық операциясы барысында түсірілген. 2019 жылы Қазақстан соғыс оты өршіген Ирактан 14 баланы елге қайтарған болатын. Ал оған дейін «Жусан» атты операция аясында Сириядан 500-ден астам жеткіншек Қазақстанға оралды. Арнайы оңалту орталықтарынан өтіп, қазір өзге балалар секілді мектептерде білім алуда.
Юлия Овечкина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Бұл балалар елге қайтарылған бетте тез бейімделулері үшін көп көңіл бөлінді. Құжаттары қалыпқа келтіріліп, психологиялық көмек көрсетілді. Барлығы арнайы оңалту орталықтарында тұрды. Қазір балалар өз ортасына толық бейімделді. Араларында спортшылар да бар, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары да шығып жатыр. 2019 жылы елге енді келгенде олар әріп танымайтын.
Қазақстанның гуманитарлық операциялары өзге елдерге үлгі болды. Мұны халықаралық қауымдастық мойындап отыр. Бізден кейін қауіпті аймақтардан өз азаматтарын іргедегі көршіміз Өзбекстан да қайтарды. Қазір елге келген балалар үшін Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ қоры ары қарай қолдау бағдарламаларын жүзеге асырып отыр.
Талғат Қалиев, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
- Соғыс отын көрген азаматтарды оңалтудан өткізу аса маңызды. Өйткені олар Ислам мемлекетінде өмір сүрген. Ал Қазақстан – ол зайырлы республика. Біздің өзіміздің заңымыз бар. Сондықтан балаларды бейімдеу керек болды. Бұл жұмысты атқаруда бізге Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ қоры үлкен қолдау көрсетті. Қазір бұл бағдарламаның алғашқы кезеңі аяқталды.
ЮНИСЕФ бағдарламасының алғашқы кезеңінде балалармен жұмыс жасау үшін 250 маман тиісті оқытудан өтті. Соның 130-ы қазақстандықтар. 7 өңірде 7 қоғамдық топ құрылды. Қауіпті аймақтардан қайтарылған азаматтар жайлы ақпарат алмасу жүргізілді. Жұмыстар 2 жыл көлемінде атқарылды. Қазір тиісті бағдарламаның келесі кезеңі басталды.
Азамат Жаманшынов, ЮНИСЕФ-тің балаларды қорғау жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі:
- Бағдарламаның екінші бөлімі – ол осы балалармен жұмыс істеп жатқан мамандарға бағытталған. Яғни оларға қажетті құралдарды әперу, қосымша білім беру. Сонымен қатар өңірлерде ашылып жатқан отбасыға көмек көрсету орталықтарына да баса мән беретін боламыз. Бұл бағдарлама тек ауыр жағдайға тап болған жеткіншектерді ғана қамтып қоймайды, біздің мақсатымыз - әрбір баланы қорғап, барынша қолдау көрсету.
Гуманитралық операциялардың нәтижесінде қауіпті аймақтардан елге жиыны 526 бала қайтарылған. Отанына оралған жеткіншектердің барлығына түрлі деңгейде көмек көрсетіліп, қалыпты өмірге оралу үшін жағдай жасалды. Қазақстан жүргізген соңғы гуманитарлық операция «Русафа» болды. Бірақ жат елде қалған отандастарымызды іздестіру әлі де жалғасады.
Риат Шони, Мерей Талап және Абдулхамит Бөлекбаев