Олжас Бектенов Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барды

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы.

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Олжас Бектенов кесенеге арнайы барды. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген тарихи нысанда былтыр жөндеу жұмыстары басталған. Ғылыми-реставрациялық жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған. Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екенін атап өтті. Сәулетті-тарихи кешенге жыл сайын 1 млн астам адам келіп, зиярат етеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет.

Премьер-Министр Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.