Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ташкентке барды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін жұмыс сапарымен Ташкентке барды.
Оның аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және әріптесі Абдулла Ариповпен кездесті. Сапар барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және көлік-транзиттік мәселелер талқыланды. Тараптар бір-бірін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту және трансшекаралық су арналарын дұрыс пайдалануға қатысты келіссөз жүргізді.
Қазақ-өзбек қарым-қатынасы кейінгі жылдары стратегиялық һәм сенімді серіктестіктің жарқын үлгісіне айналып келеді. Арадағы тауар айналымы былтыр 4,5 млрд долларға жетсе, көп ұзамай көрсеткіш екі еселенуі мүмкін. Себебі үкімет деңгейінде бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік жобалар қолға алынып отыр. Бұл туралы Олжас Бектеновтің Өзбекстан президентімен кездесуінде айтылды. Шавкат Мирзиёев елдер арасындағы байланыстың өзара сенімге негізделгенін ерекше атап өтті.
Ал Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповпен келіссөз екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және су-энергетикалық мәселелерге арналды. Ауыл шаруашылығы саласын қамтитын бастамалар да талқыланды. Жалпы екі ел сауда айналымын ұлғайтуға ниетті. Қазақстан Өзбекстанға тауардың жаңа 255 түрі бойынша экспортты 500 млн долларға арттыруға дайын.
Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Біздің мемлекеттеріміздің басшылары құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев пен құрметті Шавкат Мирзиёев елдеріміздің арасындағы одақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Бүгінгі кездесу біздің көп жоспарлы күн тәртібіміздің өзекті мәселелерін талқылауға және перспективалық бағыттарын белгілеуге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Біздің басты мақсатымыз – президенттер қойған міндеттерді толық жүзеге асыру.
Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:
- Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы көп бағытты қарым-қатынасты одан әрі кеңейту жөнінде тапсырмалар берді. Осы істерді орындау үшін қажетті шараларды қолға алып, бірлесіп әрекет етуге дайын екенімді білдіремін.
Көршілес елдер осыдан бірер жыл бұрын өнеркәсіптік кооперация құруға кіріскен болатын. Соның аясында жалпы құны 2,6 млрд долларға тең бірлескен 60 жоба жүзеге аса бастады. Бұл іс екі ел азаматтары үшін 13 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға сеп. Кейін қосымша тағы 43 жоба қолға алынады. Тараптар келіссөзде су пайдалану саласындағы ынтымақтастықты тереңдетету жайын да сөз етті.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Өздеріңіз білесіздер екі елдің президенттерінің тапсырмасына сәйкес, су бөлу, тиімді пайдалану, Сырдарияны дұрыс пайдалану бойынша келісімшарт жобасын дайындап жатырмыз. Көп баптары бойынша келісімге келдік. Бүгін екі премьер-министр тапсырма берді. Жұмысты одан әрі жеделдету бойынша. Біз енді осы бағытта жұмыс істейміз.
Шавкат Хамраев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі:
- Сәуірдің 12-сі күні су ресурстарын үйлестіруге арналған мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысы өтеді. Сол жиынға 5 елдің өкілдері қатысып, Сырдарияны тиімді пайдалану келісімін талқылайтын болады. Бұл мәселемен 5 жылдан бері айналысып келеміз. Сондай-ақ біз су пайдалануға қатысты аймақтық стратегияны дайындауға кірісіп кеттік.
Сапар аясында Олжас Бектенов Өзбекстанның кеден органдары саласында қолданылып келе жатқан электронды рәсімдеу ісімен танысты. Ташкент технопаркіндегі өндірісті аралап, көрші елдің дайын бұйым шығару әлеуетін бағамдады. Жалпы екі ел үкіметі ынтымақтастықты барлық бағытта дамыта беруді көздеп отыр. Министрлер кабинетінің басшылары бұған бірлесіп күш салуға ниетті екенін жеткізді.
Рауан Мыңбаев