19 наурыз – Жаңару күні

Көктем – табиғаттың жаңарып, тіршілік қайта жанданатын мезгіл. Айрықша мейрам – Ұлыстың ұлы күні де жаңару, жаңғыру ұғымдарынан құралған.

Сондықтан 19 наурыз – Жаңару күні. Бұл шешім елдегі саяси оқиғаларға да қатысты.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы мезгілде табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Тек атаулы күннің табиғаттың түрленуіне ғана емес, елдегі саяси өзгерістерге де қатысы бар. Иә, осыдан 5 жыл бұрын ел тағдыры үшін маңызды шешім қабылданды. Экс-президент дәл осы күні өзінің биліктен кететінін мәлімдеді.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 19 наурыз ел тарихында, біздің саяси жылнамамызда Жаңару күні ретінде қалады. 19 жылдан бері елімізде елеулі өзгерістер болды, соған сәйкес Президент сайлауы, Мәжіліс, Сенат сайлауы өтті. Мәжілісте партиялармен бірге мандатты үміткерлер бақ сынады.

Шынында, бұл күн тұтас ұлттың тағдыры үшін қабылданған жаңа әлеуметтік-саяси өзгерістердің бастауы еді. Содан бері саяси ортада жаңашылдықтың лебі сезілді. Сындарлы сәттер, реформаларға толы болды. Халықтың тыныс-тіршілігі мен тұрмысын түзеу үшін байырқалы бастамалар қолға алынды.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Экономикалық, саяси және тағы да басқа салалардың барлығында үлкен өзгерістер болып жатыр. Яғни, мемлекетімізде Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деген ұранмен жасалынып жатқан істер аз емес екендігін де білеміз. 

Сөйтіп, жаңашылдық пен жаңғыру Әділетті Қазақстан тұжырымдамасында көрініс тапты. Құжат заң алдында барлығы бірдей деген ұранмен басталды. Конституция үстемдігі қамтамасыз етілді. Ұлттық байлық әділ бөлінуі тиіс делінді. Елдік мүдделеріміз халықаралық ареналарда қорғалды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Еліміздің басқару элитасының да жасарып, өзгеріп жатқандығын көреміз. Президенттік кадрлық резерв бойынша іріктеулер жүріп, соған сәйкес қазір буын алмасып жатыр. Сонымен қатар экономика саласында үлкен өзгерістер болып отыр. Шет елдегі активтерді қайтару, мына әлеуметтік теңдік мәселесі, жалпыға бірдей қағидаттың жүзеге асуы осы барлық салада көрініс тауып жатыр.

Кейінгі жылдары бизнес саласында сенімге селкеу түсіріп, әділетсіздікке әкелген жағдайлар әшкереленді. Асыра сілтегендерді құзырлы органдар тәубесіне түсірді. Құқық қорғау саласы да, сот ісі де реформаланды. Адам құқықтарын қорғаудың айшықты тәсілдері қолға алынды. Ел дамуындағы жаңа серпін, яғни 19 наурыздан басталған толайым істер табиғат пен адам санасының жаңғыруын ұштастырды.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жаңару күнінде жаңа көшеттерді, жаңа ағаштарды отырғызып ғана қоймай, бұл біздің тереңге бойлайтын тамырларымыз, яғни болашақ ұрпаққа жаңа саяси өзгерістер мен экономикалық өзгерістер, руханият саласында жасалатын жұмыстар, соның барлығы болашаққа деген сенімді, болашақ ұрпаққа жол көрсету, үлгі көрсету және солардың тамырларын терең бойлап, ертеңгі күні еккен бәйтерек болып, қазақ елінің гүлдену жолында қызмет атқара берсін дегіміз келеді.

Өткенімізден тін тартып, ұмыт қалғанымызды ұлт жадында жаңғырттық. Келісіп пішілген тонның келте болмайтыны белгілі, ел ертеңі үшін маңызды шешімдерді референдумдар арқылы қабылдауға дағдыландық. Дала демократиясы – Ұлттық құрылтай құрып, ірі кеңес алаңына айналдырдық. 5 жыл бұрынғы оқиға осындай істердің бастауы іспетті. Сондықтан да бұл – Жаңару күні.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ақылбек Есімсейтов.