«Жолдың жыры» бітпеді – Депутат
Жезқазған-Қарағанды тас жолы кеңестік кезеңнен бері күрделі жөндеу көрмей келеді.
Аталған учаскеде былтыр 129 жол апаты болып, 37 жолаушы көз жұмған. Ал биылғы 2 айдың өзінде 23 жол-көлік оқиғасынан 2 адам мерт болды. Депутат Қарақат Абден Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының құрылысы бойынша нақты жұмыс жоспары қажет екенін айтып, Премьер-министрге сауал жолдады. Бұл автожолдар Ұлытау облысының дамуына серпін беруі үшін маңызды. Мәжілісмен қаржы бөлу, мердігер компанияларды анықтау, сондай-ақ құрылыстың мерзімін белгілеп, істің орындалуын қадағалауды сұрады.
Қарақат Абден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үшінші құрылтай өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Жол салу және оны жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін береді” деп атап көрсетті. Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады? Жолымыздың түрі анау болса, қандай қарқынды экономика, қандай табысты туризм күтеміз? Берілген уәдені уақытында орындау, халық игілігіне дер кезінде ұсыну ертеңге қала беретіні өкінішті?! Осы орайда Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының салынуы мен жөнделуіне сараптама жасалып, нақтыланған жұмыс жоспарын беруді сұраймыз.