Президент БҚО-дағы ахуалмен танысты

web.telegram.org/k/#@aqorda_resmi

Қарғын су қарқын алып барады. Елдің бірқатар өңірінде қамданып үлгермеген қарашаның үйін су алып, дүйім жұрт эвакуациялық орталықтарды паналап отыр.

Тасқынға төтеп бере алмай, өзен өткелдері мен бүтін ғимараттар қирап жатыр. Ахуалды өз көзімен көріп, жағдайды бағамдау үшін Мемлекет басшысы бүгін Батыс Қазақстан облысына барды. Жұмыс сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев қарғын су басқан аумақтарды аралап, зардап шеккен тұрғындармен кездеседі.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қарғын су тағы да қалың қарашаны әбігерге салды. Елдің бірқатар өңірінде өзендер арнасынан асып, ауыл-аймақты шайып кеткені көпшілікке мәлім. Бір ғана БҚО 6 ауданы мен Орал қаласында төтенше жағдай жарияланған. Мұнда 552 тұрғын үй, 427 cаяжайды су басты. Мыңдаған азамат баспанасын тастап, эвакуациялық орталықты паналауға мәжбүр болды. Абырой болғанда, адам аман. Бірақ қираған үй мен қырылған малда есеп жоқ. Су тасқынынан зардап шеккендерге 2500-ден астам волонтерлер көмек көрсетіп жатыр. 158 млн теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек жеткізілді. Мемлекет басшысы жағдайды жеке бағамдау үшін Батыс Қазақстан облысына барды. Ұшағы әуежайға қона салысымен Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшаққа беттеді. Сөйтіп, қарғын судан зардап шеккен аумақтарды көктен аралап көрді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты. Біз де бұған дейін куәгерлермен тілдесіп көрген едік. Олардың айтуынша, өткен аптада Қалдықайты өзені арнасынан тасып, екі жағаны жалғап тұрған өткелді қиратып кетіпті. Сөйтіп бірнеше ауылды шайған. 200-ден аса адам эвакуацияланған. Жағаның арғы бетінде 8 ауыл бар, оларға қазір азық-түлік, керек-жарақ тікұшақпен жеткізіледі. Ал қалған ауылдарды сақтап қалу үшін мамандар құм толған қаптарды жағаға жинап жатыр. Оларға жергілікті тұрғындар көмектесіп жатыр.

Дастан Құттыбаев, Шөптігүл ауылының тұрғыны:

- Қоржын ауылында ештеңе қалған жоқ ғой, 25 үй ғана қалды. Қалған 115 үйді су шайып кетті. Ол жақта қатынаста жоқ енді. Совхозда қатынас жоқ, екі ортаны су шайып кетті. Қазір енді екінші ауысым келеді ғой, күндіз-түні жасалып жатыр. Осы Қаратөбе ауданының тұрғындары ғой. Бар техникасын беріп жатыр ғой ауылдағы, ТЖМ адамдары келіп жатыр. Еріктілер келіп жатыр. Әзірше енді өз күштерімен ұстап жатырмыз ғой.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қаратөбе ауданында 182 адам эвакуациялық орталықта жатыр. Олар 5 мезгіл тамақпен қамтылған. Ғимарат іші таза, тұрғындар түгел орналасқан. Тазалықты атқару үшін арнайы кезекшілік те ұйымдастырылыпты. Мектеп жұмысы да жалғасып жатыр. Эвакуацияланған оқушылар сабақты сол жерде оқып жатыр. Мамандардың айтуынша, олар сабаққа түгел қатысып отыр. Жалпы өңір бойынша осы аптадан бастап 14 мектептің 5 мыңға жуық оқушысы онлайн форматта білім алып жатыр. Президент жұмыс сапары барысында эвакуацияланған тұрғындармен де кездеседі деп жоспарланған. Демек зардап шеккен азаматтар базыналарын Мемлекет басшысына жеке жеткізе алады. Одан бөлек, төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысы да өтеді. Мұнда өңірдегі қарғын су қаупін сейілту қаралады.

Айта кетейік, қазір тасқынға төтеп беру үшін 2 мыңға жуық маман, 300-ден аса техника, 101 мотопомпа жұмылдырылды. Өзге құтқарушылар көмекке келіп жатыр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев.