Қ. Тоқаев пен Ш. Мирзиёев нені талқылады?
Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін күш-жігер біріктіру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Бұл кездесу көрші елдің көне әрі көрікті қаласы – Хиуа шаһарында өтті. Екіжақты қатынасты талқылаған мемлекеттер басшылары, тарихи қаланың бай мұрасымен де танысты.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өзбек ағайынмен қазақтың ынтымағы жарасқан. Әр саладағы байланыс та нығайып, жыл санап қанат жайып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әріптесі Шавкат Мирзиёевтің арнайы шақыруымен Хиуа қаласына жұмыс сапарымен барды. Қазақ басшысын Үргеніш әуежайынан Өзбекстан президенті өзі құшақ жая қарсы алды. Бұл – зор құрмет пен ізеттің белгісі. Салтанатты рәсімнен соң екі елдің басшылары Хиуа қаласына аттанды.
2700 жылдық тарихы бар ежелгі Хиуа қаласы. Көне шаһар 2020 жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланған. Бұл шаһардың тарихы тереңде жатыр. Мұнда хан, сұлтан, әмірлер жерленген. Бүгінде Хиуа қаласы өзінің жеңіл өнеркәсібімен мақтана алады. Мәселен мұндағы ХИВА ГИЛАМЛАРИ кілем тоқу фабрикасы – үлгілі кәсіпорындардың бірі. Оның іргесі 1977 жылы қаланған. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын 4 цех жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысы Шавкат Мирзиеёв екеуі әуелі осы фабриканың жұмысымен танысты. Бұдан соң президенттер Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады. Павильондарда бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, жібек, тері және зергерлік бұйымдар қойылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан тоқыма бұйымдарын экспорттаудан 3,5 млрд доллар табыс тапқан екен. Импорттаушылардың қатарында Қазақстан да бар. Жалпы қазір арадағы сауда-саттық 4,5 миллиард долларға жуықтап қалды. Бүгінде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба да бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентімен өткен бейресми кездесуде жетістікті еселеу тетіктерін пысықтады. Әңгімелесу барысында қазақ басшысы ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударды. Барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын айтты.
Таисия Мармонтова, саясаттанушы:
- Мемлекет басшыларының мұндай кездесулері аса маңызды. Оның өтетін орны, пысықталатын мәселелері де көп нәрсені аңғартады. Бүгінде Қазақстан Өзбекстанмен тығыз қарым-қатынаста. Екі мемлекет те Орталық Азия аймағының дамуына бар күш-жігерін салып келеді. Осы ретте қазақ және өзбек басшыларының кездесуі маңызды. Кеңесе отырып, жүзеге асыратын ауқымды іс көп.
Кездесу барысында Президент екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау бастамасын қолдады.
Бұдан бөлек, тараптар өңірдегі өзара ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы бастаманы талқылады. Бұл жобаның мақсаты – Қытай-Қазақстан-Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын өзара тиімді негізде пайдалану. Бірлескен кәсіпорын Трансауған бағытын дамытуға жұмылдырылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажеттігін де айтты.
Данабек Алпамыс, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
- 2021 жылы Мемлекет басшысы Арал теңізінің табанында 1,1 млн гектар сексеуіл егу бойынша тапсырма берген. 2021 жылы біздерде 101 мың гектарға, 2022 жылы 250 мың гектарға, 2023 жылы 193 гектар жерге. Қызылорда әкімдігімен бірлесіп жалпы жұмыстар атқардық. 2024 жылға 275 мың гектар жерге орман молықтыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Хиуа – көне шаһар болса да, көркіне көз тоймайтын қала. ХІХ ғасырда мұнда көп мешіт салынған. Бүгінде көкпен таласқан солардың мұнаралары мен мұндалап тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хиуаны ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары деп айтуы да осыдан. Мұнда ерекше көрікті жердің бірі – ол «Ишан-қала». Ашық аспан астындағы музей. Тарихи шаһар – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, 60-қа тарта тарихи және сәулет ескерткіші бар екен. Мемлекет басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.
Бұдан кейін президенттер «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан және Мұхаммед әмин Инақ медреселерін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд кесенесіне зиярат жасап, рухына Құран бағыштады. Содан соң «Өзбек-қазақ суретшілерінің туындыларындағы халықтар бірлігі» бейнелеу өнері көрмесін, «XIX-XX ғасырларда түсірілген фотосуреттердегі Хорезм» көрмесін тамашалады. Хиуа қаласының бүгінде туристік әлеуеті артып келе жатқандығын атап өту керек. Мұнда жыл сайын жан-жақтан саяхаттап келетіндердің қатары еселеп артып жатыр. Көрші елдің көрікті жерлерін тамашалауға ниет білдіретіндердің алғашқы үштігіне қазақстандықтар кіреді. Былтыр бауырлас елге 900 мыңға жуық отандасымыз саяхаттап барған.
Осымен Мемлекет басшысының Өзбекстанға жұмыс сапары аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Үргеніш әуежайынан әріптесі Шавкат Мирзиёев өзі шығарып салып, жылы қоштасты. Бейресми кездесуде өзбек ағайындар қазақ халқына ерекше құрметін көрсетті. Президентті әуежайдан өзбек басшысының өзі күтіп алып, өзі шығарып салуында да үлкен мән жатыр. Ал бұндай кездесулер бауырластықты нығайтып, ырыс пен ынтымақты арттыра түседі.
Авторы: Риат Шони.