Ереван қаласы көшелерінің біріне қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі беріледі
Армения астанасы Ереван қаласы көшелерінің біріне қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі беріледі.
Тағы армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құрылады. Бұл жөнінде Президенттің Арменияға жасаған ресми сапары барысында белгілі болды. Көненің көзіндей болған қолжазбалар Арменияның ғылыми-зерттеу институтында сақталған. Соңғы жылдары армян ғалымдарының көмегімен бұл жерден Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынған болатын.
Риат Шони, тілші:
- Астана мен Ереван саяси экономикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық бағытында да жақындай түсті. Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Оған қоса армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құрылады. Оны Еуразия ұлттық университеті және Ереван мемлекеттік университеті бірлесіп жүзеге асырады. Бұл бастаманы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президент:
- Құрметті Армения Премьер-министрімен Ереван қаласы көшелерінің біріне ұлы Абайдың есімін беру туралы келісімге келдік. Ал Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты берілетін болды. Оған қоса армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құру туралы бастаманы құптадық.
Айта кету керек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Ұлттық жиналыс төрағасы Ален Симонянмен бірге армян әліпбиін құрастырушы Месроп Маштоц атындағы, Матена-даран көне қол-жазбалар, ғылыми-зерттеу институтына барды. Мұнда әлемдегі ең ірі қолжазбалар қорының бірі саналатын мекеменің жұмысымен танысып, көне мәтіндерді қарады. Сонымен қатар Президентке ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұрған қыпшақ қолжазбалары көрсетілді. Соңғы жылдары армян ғалымдарының көмегімен Матена-даран қорынан, Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды. Биыл институт қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Ал Президенттің Армения Ұлттық жиналыс төрағасы Ален Симонянмен кездесу Парламент ғимаратында жалғасты. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және, қос мемлекетті ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін жеткізді. Сондай-ақ, бүгінгі келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуына, парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне, айрықша мән беру қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Екі ел арасындағы уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесіне баса назар аудару қажет деп санаймын. Сондай-ақ, келісімдерді жүзеге асыру барысында Парламенттік бақылауды күшейтуіміз керек. Шарттың толық орындалуы қазақ-армян байланыстарын жаңа деңгейге шығарады деп сенемін. Бұл біздің халықтарымыздың мүддесіне толықтай сай келеді.
Еревандағы ресми сапарында Президент Армения президенті Ваагн Хача-турянмен де кездесіп, келіссөздер барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты әрі нәтижелі талқыланғанын айтты. Сондай-ақ, екі тарап қазақ-армян ынтымақтастығына қатысты бірқатар өзекті мәселені қарап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастыққа баса назар аударды. Армения Президенті Мемлекет басшысының Ереванға сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, келіссөздердің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту үшін берік іргетас қалыптастыратынын, мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.
Армения астанасы Ереваннан Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Ділмұрад Сейдаханов және Алмас Омарғалиев