Еліміз Қырғызстанға экспортты арттыруға қауқарлы
Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады.
Оның жалпы құны 260 миллион доллар. Бұл жөнінде бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз басшысы Садыр Жапаровпен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мәлімдеді. Президент өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік барына тоқталып, өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын екенімізді айтты. Тағы мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе Үкіметаралық кеңес пен аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриалды кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек келіссөздер барысында трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану жайы талқыланды. Осы орайда тараптар өзара үйлесімді жұмысты жалғастыруға келісті. Жалпы екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екі ел арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын.