Сарапшылар клубының отырысында экономикалық мәселелер талқыланды
Бүгінде ел алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есе ұлғайту міндеті тұр.
Сондықтан жаһандық тұрақсыздық жағдайында саланы дамытудың тың тәсілдерін табу аса маңызды. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Палата жанындағы Сарапшылар клубының отырысында айтты. Іс-шараға Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы өкілі Андрей Михнев және белгілі экономист Азамат Ағайдаров қатысты. Сарапшылар экономикалық ынталандырудың баяулауы және жалпы ішкі өнімдегі жалақының төмен үлесі сияқты мәселелерге баса назар аударды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында экономикалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастырудың бағдарын белгілеп берді. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат жеке меншікке қолсұғылмаушылықты, жеке кәсіпкерлік қызметінің еркіндігін және мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды қамтамасыз етуге арналған.