Еурокомиссия Қазақстанды «қара тізімнен» шығарды

Қазақстан енді «қара тізімде» жоқ, Еурокомиссия біздің елден ұшуға қойылған барлық шектеуді алып тастады.

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 27 елдің авиациялық билігі осындай шешім шығарған. Еуропалық комиссия комитетінің отырысында біздің делегация елдегі ұшу қауіпсіздігі және еурокомиссарлар, бұрын анықтаған бұзушылықтарды жою туралы баяндады. Аталған ведомство бұл жұмыстарды Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен жүргізілгенін атап өтті. Осы бағыттағы шаралар 15 жыл бұрын басталған. Ал Еуропалық Одақтың сарапшылары ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне техникалық бағалауды биыл ақпан айында ғана жүргізді. Олар Азаматтық авиацияның дамуында оң өзгерістер барын атап өтті.