Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері
І. ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘНІ НЕДЕ?
Ішкі саясат саласында ақпарат ағыны әрдайым жылдам алмасып отырады. Белгілі бір кезеңде саяси реформалар, сайлаулар мен кадрлық ауыс-түйістер ел назарында болды. Содан соң отбасылық зорлық-зомбылық, қарғын сумен күрес мәселесі күн тәртібіне шықты. Дегенмен билік құрылымдары түгелдей күнделікті мәселелермен айналысып жатқанына қарамастан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына сәйкес ілгерілеу үшін жүйелі жұмыс жалғасып келеді.
Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. «Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды.
«Әділетті Қазақстан» – бір жағынан мемлекеттік идеологияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан болашақтың бет-бейнесі. Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан» идеясы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды.
Әділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қазақстан» ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды. Осы орайда, «әділдік» және «әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақтылай кеткен жөн. Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр.
Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мысалы, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.
Сондай-ақ әділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алынған, жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын активтердің елге қайтарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының құрылғаны мен «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өтуге болады.
Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге арналған. Президенттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мәні осында жатыр.
ІІ. ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді.
«Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» атты алғашқы тұжырым «Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?» деген сауалға жауап береді. Бұл жерде әңгіменің түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бәріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі. Әділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. Осы қағидат берік орнықса, азаматтардың бәрі өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты екінші тұжырым «әділдік ҚАЛАЙ орнайды?» деген сауалға «ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап беруге негізделген. Дегенмен, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы азаматтардың күнделікті түйткілдерін шұғыл әрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қатысты басты мәселелер бойынша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғартады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын мысалы ретінде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін өткізілген референдумды айтуға болады.
Үшінші тұжырым – «Заң және тәртіп» әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни «Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?» деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адамның лайықты жазалануы – әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне және тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. «Заң және тәртіп» қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс.
Төртінші тұжырым – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни «Әділетті Қазақстан» қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап береді. 2019-2021 жылдардағы саяси реформалардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асыруға арналды. Соның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалыптасты.
Бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз.
Жалпы Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елімізді одан әрі жан-жақты жаңғыртуға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді.
III. ӨТКЕНГЕ ОРАЛМАЙТЫН ӨЗГЕРІСТЕР
Кейде «Реформалар нәтижесі қайда, уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады.
Біріншіден, өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.
Екіншіден, біздің елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше, көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бетбұрыс жасалды. Егер тереңірек ойланып көрсеңіз, небәрі үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын аңғарасыз. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып, соның нәтижесінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мәртебесі мен рөлі едәуір артты. Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Президенттің құзырына кіретін мәселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021–2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады.
Бұл аз десеңіз, реформалар Қазақстанға ғана емес, айналамыздағы ауқымды геосаяси кеңістікке де жаңашылдық әкеліп, осы аймақтағы елдер үшін жаңа үрдісті бастап берді.
Үшіншіден, саяси реформалармен қатар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатыр. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Жүйелі әрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер етті. Ұстаздар мен дәрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады. Саяси мәдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес.
Осылайша, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды, жаңарулар әлі де жалғасып келеді. Жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформалар енді тоқтамайды.
IV ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ ЭТИКА
Қоғам санасындағы және жұрттың мінез-құлқындағы әбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нәтиже бермейді. Ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды.
Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады.
Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық. Сондықтан Президент Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап берді. Бұл:
– Тәуелсіздік және отаншылдық;
– Бірлік пен ынтымақ;
– Әділдік және жауапкершілік;
– Заң мен тәртіп;
– Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
– Жасампаздық пен жаңашылдық.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек.
Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды. Жақында «Заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар» бекітіледі. Сондай-ақ басқа да тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп, нақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған.
Жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дәріптеудің әдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тәсіл бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді. Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек. Сол себепті, билік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына баса мән беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады.
Сонда жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қазір жүргізіліп жатқан реформалардың дәйекті түрде жүзеге асырылуына, сол арқылы Қазақстанның өркендеуіне қажетті негізгі алғышартқа айналады.
V ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРТАЛАСТЫҢ REDLINE-Ы
Қоғамның ашықтығы, экономикалық реформалардың іске асуы, коммуникацияның жаңа түрлерінің қарқынды дамуы сияқты нақты себептерге байланысты сол қоғамның құрылымы үнемі өзгеріп отырады. Қоғамдық-саяси кеңістік кеңейіп, күрделене түседі, яғни жаңа страталар, әлеуметтік топтар мен субмәдениеттер, сан алуан саяси және идеологиялық көзқарастар пайда болады.
Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы әртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалистер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар және центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға және құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет.
Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді.
Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни «Redline» нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:
– этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне;
– дін саласына;
– сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет.
Біздің қоғам бұл мәселелерге қатысты жанжал туғызатын сөз таратуға, ашу-ызаға толы мәлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсінеді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кәсіби тұрғыдан пікір таластыра алады.
Мемлекет елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. «Шектен шығуға жол жоқ» деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз.
Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс.
VI. БИЛІК ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДИАЛОГІ
Ел бірлігін, татулық пен бейбітшілікті, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі басымдық болып қала береді. Осы саладағы жұмыс халықты ортақ мақсатқа ұйыстыру және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үнемі тың әдіс-тәсілдер, тетіктер мен формалар ойластыруды талап етеді.
«Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы әрі жалаң үгіт-насихат» деген түсінік ел ішінде кең таралған. Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. Мұның бәрі – саясаттың қосалқы құралы ғана. Ешқандай саяси технология халыққа етене жақындық пен ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыстың орнын толтыра алмайды. Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет. Сонымен бірге, ысқырығы жер жаратын бәзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну әбестік. Мұндай қателікке ұрынуға жол жоқ. Сондықтан диалогтің сындарлы, мазмұнды әрі мағыналы болғаны жөн.
Ендеше, қазіргі таңда мемлекеттік аппарат үшін барлық әлеуметтік топтармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу – ең маңызды мәселенің бірі.
VII. МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫҢ ЖАҢАША ШЫҢДАЛУЫ
Қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды.
Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы әрі тиімді бола түсті. Бұл, әсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті әкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді. Мемлекет басшысы және Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы, Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн.
Мемлекеттің ең басты міндеті – адам өмірін сақтау және қиын жағдайға ұшыраған азаматтарды құтқару. Сондықтан ең алдымен, барлық күш халықты қауіпсіз жерге көшіруге жұмылдырылды. Нәтижесінде, алапат тасқын кезінде құтқарушылар 119 мыңнан астам адамды, соның ішінде 44 мыңнан астам баланы эвакуациялады.
Төтенше жағдай болған кезде билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып, қиын сәтте жедел әрі нақты шешім қабылдай алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттің басқа да көптеген міндеті бар. Билік құрылымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап елді мекендерді абаттандыруға дейінгі сан түрлі мәселемен қатар айналысып, күнделікті міндеттерінің бәрін үздіксіз атқара береді.
Мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мәселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл тәжірибе Мемлекет басшысы айқындап берген, елімізді жан-жақты жаңғыртуға қатысты міндеттерді табысты орындауға септігін тигізері сөзсіз.
VIII. ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ
Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырысты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек.
Біз сырттан келетін арандатушыларға ілесіп, жат ақпарат пен идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. Ішкі саясатта тек өзіміздің күн тәртібімізді басшылыққа алуымыз қажет. Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы. Біздің ішкі күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды және реформалар жүргізу мақсатын көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын және ұлттық мүддесін бәрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мәселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дәріс оқып, біздің бүкіл әлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мәжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті.
Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе, жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді.
Осындай саясат жүргізу оңай емес екені анық. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі