Қазақстан БҰҰ-ның қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты
Нью-Йоркте БҰҰ штаб-пәтерінде жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүрлі іс-шараны «БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілері мен дипломаттар әйелдерінің клубы» атты қауымдастық ұйымдастырды. Түрлі елден келген әйелдер қауымы жәрмеңкеде бұйымдарын сатып қана қоймай, өз ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыруға тырысты. Арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қазақстандықтар да өнерлерін ортаға салды. Күмбірлеген күйге көрермен ерекше қошемет көрсетті. Ал «Аққу» биі шетелдіктерді тәнті етті. Қайырымдылық акциясына Қазақстанның Тұрақты өкілдігі де қатысты. Жәрмеңкеге қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен кәдесыйлар, қазақстандық шоколад пен түрлі тағамдар қойылды. Жиналған барлық қаражат әлемдегі гуманитарлық дағдарыстан зардап шеккендерге жұмсалады.
Оразбике Мұздыбаева, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдік қызметкері
- Бүгін бізде БҰҰ төрінде халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесі өтуде. Өте керемет көңіл-күйдеміз. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын дәріптей отыра, халқымыздың ұлттық тағамдарын, әшекей бұйымдарын мақтана ұсынудамыз.