Қанат Бозымбаев Душанбедегі трансшекаралық су конференциясына қатысты

Орталық Азиядағы трансшекаралық суларды басқару бойынша өзара іс-қимылдың стратегиясын әзірлеу қажет.

Бұл жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Душанбеде өткен халықаралық конференция барысында айтты. Жоғары деңгейдегі бұл шараны Тәжікстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырған. Оған БҰҰ-на мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты. Мінберден сөз сөйлеген вице-премьер Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру жөніндегі жаһандық бастамаларды, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару жөніндегі Тәжікстанның күш-жігерін толық қолдайтынын жеткізді. Бүгінде еліміздің су саясаты тиісті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға және дамытуға, ақпараттық жүйелерді, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. Тағы Қанат Бозымбаев трансшекаралық су ағындарын пайдаланудағы ынтымақтастықтың маңыздылығына да тоқталды. Бұдан бөлек Арал теңізіндегі экологиялық жағдай ерекше алаңдаушылық туғызатындығын жеткізді. 5,5 миллион га шөлдің пайда болуы бүкіл аймақтағы адамдардың денсаулығы мен экожүйелердің жағдайына теріс әсер етеді. Вице-премьердің сөзінше, Арал теңізі бассейнінде суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру сияқты шараларды іске асыру арқылы табиғи су нысандарын сақтау және қалпына келтіру маңызды.