Қазақстан Женевадағы Еңбек конференциясына қатысып жатыр

Лайықты еңбекке – лайықты ақы. Женевадағы 112-ші Еңбек конференциясындағы басты тақырыптың бірі осы әлеуметтік әділеттілік мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Сарапшылар, саясаткерлер мен кәсіподақ жетекшілерінің басын қосқан халықаралық іс-шараға Қазақстан өкілдері де қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымы жыл сайын конференция өткізеді. Бірақ сарапшылар: «биылғысының мәні зор», – дейді. Өйткені пандемиядан кейін бүкіл әлемде өндіріс қайта жанданды. Бұл үрдіс жылдам жүріп, көп жағдайда жұмысшылардың құқығы бұзылып жатыр. Халықаралық жиында біздің делегация көпшілікке өз баяндамасын таныстырды. Онда Қазақстанда лайықты еңбек жүйесін құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтылды.  

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Конференция кезінде Қазақстанда іске асырылып жатқан еңбек және әлеуметтік саясат жүйесі айтарлықтай тиімді екені айтылып жатыр. Ол 4 миллион тұрғынды әлеуметтік жағынан қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 7 миллионға жуық жалдамалы жұмысшы құқығының бұзылмауын қамтамасыз етеді.

Елімізде жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданған. Онда халықаралық тәжірибе мен стандарттардың барлығы ескерілген. Реформалар пакеті еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Шахтерлердің денсаулығын қорғайтын конвенцияға қосылу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, мемлекет кәсіподақтар және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтты.

Жұмабек Жанықұлов, «Paryz» жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы:

- Шағын және орта бизнестің жұмыс стандартын да жоғарлатуымыз керек. Соған байланысты біз көптеген мемлекетпен бірге заңнамаларын өзгертуіміз керек. Сонымен қатар біздің шағын және орта кәсіп жұмыс берушілері, бизнес өкілдерінің де болып жатқан жаңа трендтерге қатысу үшін олардың белсенділігі қажет. Сондықтан біз кәсіподақ ретінде осындай үлкен жиындарға қатысып, жаңа трендтерді енгізу жолында келіп тұрмыз.

Конференцияның басты тақырыбының бірі – әлеуметтік әділеттілік мәселесі. Бұрындары бұл бағытқа бөлінетін ақша ақталмайды деп саналса, қазір экономистер лайықты еңбекақы қызметкерге ғана емес, жұмыс берушіге де, керек десеңіз, бүкіл қоғамға тиімді екенін айтады.

Джаяти Гош, экономист:

- Көп елде жылдар бойы экономикалық саясат инвестиция тартып, нарықты ырықтандыруға бағытталып келгенін көріп отырмыз. Содан қазір әлеуметтік әділеттілік пен еңбек шарттарын жақсарту екінші орынға ығыстырылған. Кейінгі кездері экономикалық теңсіздіктің артып бара жатқанын, сондай-ақ қаржылай тұрақсыздықты да жоққа шығара алмаймыз. Мұның бәрі әлеуметтік-саяси алшақтықтың пайда болуына әкеп соқтырады.

Халықаралық іс-шара қатысушылары дамудың басты талабы әлеуметтік әділеттілік екенін мойындап отыр. Осы ретте конференция соңында әлеуметтік әділеттілікті қолдайтын Жаһандық коалицияның алғашқы форумы өтеді. Оның құрамына 70-тен аса мемлекет кіреді. Ішінде Қазақстан да бар.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әлия Сыздықова.