Қазақстан бітімгерлерінің Сирияға барғанына 95 күн болды
Бүгін қазақстандық бітімгерлердің Сирияда жүргеніне 95 күн болды.
Олар даулы аймақ саналатын Голан жоталарындағы геосаяси шиеленістің алдын алып, тұрақтылықты сақтауда қызмет етіп жатыр. Қазір Қазақстан билігі Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында бітімгершілік контингент құрамын 430 адамға арттырып, Таяу Шығыс пен басқа да елдерге жіберуді жоспарлап отыр.
Бітімгерлік іске қатысу - бейбітшілікті ту еткен мемлекеттердің басты ұстанымы. Бұл тұрғыда Қазақстанның тәжірибесі мол. 2018 жылы Қазақстандық бітімгерлер Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысты. Оған 6 ай сайын ротация жасақталып жіберілді. Кейін сол үрдіс халықаралық аренадағы беделімізді арттырып, Сириядағы Голан жоталарына баруға мүмкіндік алдық.
Сирия
Сухраб Аппазов, Қазақстан бітімгершілік ротасының штаб бастығы:
- Бұл БҰҰ-ның Бітімгершілік қызметіне қосқан үлесін нығайту тұрғысынан ҚР-сы үшін тарихи қадам болады деп ойлаймын. Миссияның мандатына сәйкес біздің бітімгерлер қарама-қарсы тараптар арасындағы атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерін атқарады.
Қазір Голан жоталарында 139 бітімгер жүр. Олар 1 жыл бойына аймақта жаяу және мобилдік патруль жүргізіп, бекеттердің жұмысын ұйымдастыруға, базаларды күзетуге жұмылдырылады. Және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты.
Сирия
Сухраб Аппазов, Қазақстан бітімгершілік ротасының штаб бастығы:
- Барлық әскери қызметші Пауар бітімгершілік базасында орналастырылған. Миссия мандатына сәйкес міндеттерін тиімді орындау үшін барлық қажетті заттар мен тұруға арналған үй-жаймен, асханамен, тамақтануды ұйымдастыруға арналған өнімдермен және басқа да тылдық жабдықтармен, мүлікпен қамтамасыз етіледі.
Президент пәрменімен Қазақстан Бітімгершілік күштерінің халықаралық деңгейдегі әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді. Бүгінде Конго мен Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы мен Малидегі бейбіт миссияларға да біздің жауынгерлер белсенді қатысып жүр.
Мерей Қанапия, тілші:
- Сондай-ақ 2018 жылдан бері қазақстандық 538 бітімгер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысқан. Дәл қазір онда 9 әскери қызметші жүр. Одан бөлек Африка елдерінен Батыс Сахарада 6 офицеріміз, Орталық Африка мен Конго Демократиялық республикаларында 2 офицер өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып жатыр. Қара құрлық елдеріне аттанатындарға міндетті түрде бірнеше вакцина салынады. Себебі онда жұқпалы аурулар кеңінен таралған.
Конго Демократиялық Республикасы
Батыр Тұяқов, бітімгер:
- Конго Демократиялық Республикасы Гома деген қаласында қызметімді атқарып жатырмын. Конституциялық жағдай өте нашар. Конгода қазір 120-дан астам заңсыз әскери ұйымдар орналасқан.Қарапайым азаматтарға өте көп қысым жасайды. Содан кейін мен әскери бақылаушы ретінде оның бәрін ақпаратын жинап, қарапайым азаматтардың аспектілеріне және олардың деффэктілеріне қалай эффект жасайды солардың бәрін қарап, өзімнің пікірімді беремін.
2003 жылдан бері мыңға жуық қазақстандық бітімгершілік іске қатысқан. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселенеді. Себебі ел билігі халықаралық талаптарға сай әскери қызметшілер санын арттырып, басқа да аймақтарға жіберуді көздеп отыр.
Мерей Қанапия, Ғали Несіпбаев