М. Әшімбаев Үндістанның Сайлау жөніндегі бас комиссарымен кездесті

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Үндістан Республикасының Сайлау жөніндегі бас комиссары Раджив Кумармен кездесті.

Спикер өз сөзінде Кумарды Үндістанда жалпы сайлаудың өткізілуімен құттықтап, аталған мемлекет Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі екенін айтты. Кездесуде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформаларға, оның ішінде Қазақстан Конституциясына енгізілген маңызды түзетулерге де тоқталып өтті. Заңнамалық өзгерістер билікті орталықсыздандыру, саяси жүйенің тепе-теңдігін күшейту және саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру бағытында жүргізілгенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Раджив Кумар Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді жоғары бағалап, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.