ШЫҰ: Ел назары Есіл жағасында
Келер аптаның басты жаңалығы – әлем жұрты Астанаға көз тігіп, құлақ салады.
9 мемлекетті біріктірген Шанхай ынтымақтастық ұйымының басшылары Есіл жағасында бас қосады. Жаһанда қалыптасқан қазіргі қысылтаяң шақта өткелі тұрған бұл жиында өзекті мәселелер талқыға түсері сөзсіз.
Президент іс басқармасы жанындағы парламентаризм институтының бас маманы Нұржан Сәуленқызы саммит – ашық әңгіме алаңы дейді.
Нұржан Сәуленқызы, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы:
- Жалпы, халықаралық сарапшылардың пікірінше, келесі аптада өтетін іс-шарада терроризммен, экстремизммен күрес саммиттің басты күн тәртібіндегі тақырыптардың бірі болмақ. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, халықаралық геосаяси мәселелері талқыға салынбақ деп күтілуде.
Жыл санап ұйымның ықпалы артып келеді. Қазір ұйымға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Тәжікстан мен Пәкістан мүше. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін бақылаушы болып келген Беларусь биыл қатарға қосылуға тиіс. Ал Қазақстан былтырғы шілдеден бері ұйымға төрағалық етеді. Астанадағы жиында маңызды құжаттар жарияланады деп жоспарланып отыр.
Нұржан Сәуленқызы, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы:
- Қазақстанның бастамасымен Астана саммитінде қабылданады деп күтіліп отырған басты құжат, бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастамасы болмақ. Сондай-ақ алдағы саммит барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана декларациясы қабылданады. Онда әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күштерді біріктіруге мән берілмек. Мұның сыртында Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау бастамасын көтереді.