ШЫҰ: Бір жылда атқарылған ілкімді іс көп

Шанхай ынтымақтастық ұйымы көп мемлекет пен халықаралық диалог алаңдары санасатын бірлестікке айналып келеді.

Бұған әр жылы президенттердің кеңесі барысында қабылданған шешімдер септігін тигізген. Биыл осындай маңызды басқосу Астанада өтеді. Елордада Қазақстан төрағалығы кезінде атқарылған істер қорытындыланады. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық бағытқа басымдық беріледі.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының қазіргі қызметі әлемдік геосаяси жағдайдан ұтымды шешім шығаруға бағытталған. Соның ішінде тұрақты инвестициялық байланысты сақтап қалуға ерекше ден қойылып отыр. 2 жыл бұрын ұйымға Өзбекстан жетекшілік етті. Сол кезеңде ала шапанды ағайын саммитті Самарқанда өткізіп, серіктес әрі бақылаушы елдермен миллиардтаған доллардың келісімдерін жасасты. Ендігі кезек – біздің мемлекетте. Астанадағы басқосу экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, неғұрлым тиімді байланыс орнатуға сеп болмақ.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Астанада өтетін саммитте Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуына ерекше әсер ететін маңызды құжаттар қабылданады. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бастамаларға тың серпін беріледі деген ойдамын. Мәдени-гуманитарлық байланысқа да баса мән беріледі. Менің ойымша, Қазақстанның ұйымға төрағалығы табысты әрі жемісті болды. Ол – ұйымның дамуына айрықша үлес қосты.

Ұйымның көптеген халықаралық диалог алаңынан айырмашылығы көпжақты негізде жұмыс істейді. Бұған дейін оның бар міндеті Орталық Азия өңіріндегі мәселелерді шешуге бағытталса, қазір тұтас еуразиялық кеңістікті қамтуға көшкен. Қарама-қайшылықты емес, интеграция ұғымын ілгерілетеді. Қазақстанның сыртқы саяси бағдарына ұқсас. Өзбекстандық сарапшылар еліміз тізгін алған уақыттан бергі істердің табысты әрі жемісті жүзеге асқанын айтады. Соның ішінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымының киелі орындары» жобасы бар. Ол мүше мемлекеттердің бірегейлігін, тарихи және мәдени мұрасы бай екенін көрсетеді.

Мұрат Бахадиров, Өзбекстан Әлемдік экономика және дипломатия университетінің кафедра доценті:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделі артып келеді, қосылғысы келетін елдер саны уақыт санап өсуде. Енді ғана құрылған уақытта, яғни, 2001 жылы мүше мемлекеттер саны 6 ғана болса, қазір 26-ға жетті. Болашақта бұдан да артуы мүмкін. Ең бастысы халықаралық ұйым өзінің басты ұстанымынан таймауы керек дер едім.

Көрші ел саясаттанушылары Қазақстанның 2024 жылды ұйым шеңберінде экология жылы деп жариялауы да маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл бағыттағы істерді ілгерілету мақсатында Астанада бірлестікке мүше және бақылаушы мемлекеттер жастарының кездесуі өтіп, онда таза келешек құру бастамалары талқыланған. Одан бөлек, энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленіп, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес барысы пысықталды. Мұның барлығы мемлекеттер арасында экономикалық һәм қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жобаларға басымдық берілетінін аңғартады.

Ұйымның құрамы кейінгі 23 жыл ішінде 4 есе кеңейді. 2001 жылы 6 елдің басын қосқан бірлестікте бүгінде 9 мүше, 3 бақылаушы және 14 диалог бойынша серіктес ел бар. Былтыр ғана оған Иран қосылды. Ал биыл Астанада өтетін саммит барысында Беларусьті қабылдау жоспарланып отыр.

Еске салайық, 2022 жылы Самарқанд саммитінде бұл мемлекеттің ұйымға мүше болу рәсімін бастау туралы шешімге қол қойылған еді.

Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Ташкент