ШЫҰ – аймақтық қауіпсіздік кепілі

Алдағы күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.

Қырғыз сарапшыларының айтуынша, жаһанда геосаяси тұрақсыздық пен қарулы қақтығыс белең алған тұста бүкіл әлем қазақ жеріне көз тігеді. Себебі аталған ұйымға мүше мемлекеттер жылдар бойы тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеуді көрсетіп келеді.

Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің басты ерекшелігі - «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесу. Себебі ұйымның аймақтық және әлемдік геосаясаттағы рөлі жылдан жылға артып келеді. Қырғыз сарапшылары осылай дейді.

Олардың айтуынша, аталған бірлестік жылдар бойы экономикалық интеграция мен аймақтық тұрақтылықты жоспарлы түрде ілгерілетіп келеді. Көптеген мемлекетті қызықтыратыны да осы дейді. 

Игорь Шестаков, саясаттанушы:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық деңгейдегі қақтығыстарды шешудегі рөлі әлсіреген тұста, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде әлемге төнген қауіп-қатерлерді азайтуға айтарлықтай әсер ете алады. Себебі оған алпауыт мемлекеттер мүше.

Сарапшылардың сөзінше, Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриштің Астанада өтетін саммитке қатысуы БҰҰ-ның Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысына деген қызығушылығын көрсетеді. Өйткені оған мүше мемлекеттер дипломатияның арқасында бірлестіктің әділ әрі тең дәрежеде дамуына қол жеткізіп келеді.

Игорь Шестаков, саясаттанушы:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасында ең тәжірибелі дипломат екенін ескерсек, саммит барысында Қазақстан президенті аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, климатты жақсартуға және су ресурстарына қатысты бірқатар бастама көтереді деп ойлаймын.

Айта кетерлік тағы бір жайт, дәл осы саммитің Астанада өтуі Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы мен беделін көрсетеді. Осы ретте энергетикалық қауіпсіздік, логистикалық жобалар, су ресурстарымен қамтамасыз етуге арналған жаңа бастамалардың көтерілуі аса маңызды.

Бұдан бөлек, экстремизм, терроризм және қару мен заңсыз есірткі айналымы да жоғары мәнге ие, дейді Игорь Шестаков.

Қалай дегенмен, аталған мәселелерге Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері үнемі ерекше көңіл бөліп келеді.

Бақыт Чермашев, 24.KZ, Қырғызстан