Зарема Шәукенова: ШЫҰ өзге халықаралық ұйымдардың дамуына кедергі келтірмейді

Зарема Шәукенова: ШЫҰ өзге халықаралық ұйымдардың дамуына кедергі келтірмейді

Міне, бірнеше күннің көлемінде елордада айтулы шара – ШЫҰ саммиті өтеді деп қызу дайындық жүріп жатыр.

Осы шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукеновамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

- Астанада жоспарланған ШЫҰ саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтеді. Бұл тақырыпты өткен жылдың шілдесінен биылғы маусымға дейін ШЫҰ-ға төрағалық еткен еліміз ұсынған болатын. ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық форумдарымен қатар өзге де ауқымды іс-шаралар өткізілді. Саммитте Мемлекет басшылары Кеңесінің қарауына бірқатар құжаттар мен шешімдер жиынтығы ұсынылатыны айтылды. Осы орайда бір жылда біз ШЫҰ-ға не бере алдық деген заңды сұрақ туындайды.

- Иә, бұл расында заңды сұрақ. Қазақстан ШЫҰ-ның әлемдік дамуға деген көзқарасын жаңартуды, жаңа геосаяси жағдайларда ұйымның әлеуетін нығайтуды, сондай-ақ оны одан әрі институттандыруды ұсынды. Осыған байланысты Астана ШЫҰ дамуының жаңа стратегиясын, ШЫҰ әлеуетін күшейту Тұжырымдамасын қабылдау, ШЫҰ жанында тұрақты өкілдер кеңесін құру туралы ұсыныстар енгізіп, оларға мүше мемлекеттердің мүдделерін толыққанды білдіру өкілеттіктерін берді.

Мен өткенаптада РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының ұйымдастыруымен Мәскеудегі мерейтойлық X Примаков оқуларына қатысып, баяндама жасадым. Е.М.Примаков 2007 жылы берген сұхбаттарының бірінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру өте маңызды іс екендігін айтқан болатын. Ол қазір әлемде әскери емес одақтар белсенді құрылып жатқандығын атап өтті. Қазіргі таңда әр түрлі қырдан қарайтын сыртқы саяси бағыттар пайда болып жатыр, бұл мемлекеттердің одағы аса ықпалды. ШЫҰ – осындайұйымдардыңбірі.

2006 жылы, ШЫҰ құрылғаннан бастап 5 жыл өткен соң, құрметке ие сарапшылардың өзі оны әлемдегі ең даулы ұйымдардың бірі және тіпті кейбірі оны геосаяси миф деп те атады. Бұл әскери-стратегиялық альянс емес, толыққанды экономикалық одақ емес және дәстүрлі (географиялық, мәдени-өркениеттік және т.б.) мағынадағы саяси ұйым емес екендігін алға тартты. Алайда, 30 жылға жуық уақыттан кейін ШЫҰ Еуразиядағы қауіпсіздікті, экономикалық өсуді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара бастағанын көріп отырмыз.

- Яғни, ШЫҰ құрылған кездегі саяси сарапшылардың болжамын жоққа шығарды дейсіз ғой?

- Дәл солай болды. Тіпті, бүгінгі таңда ШЫҰ экономикалық байланыстарды дамытуға, көліктік және энергетикалық жобаларды үйлестіруге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуде, өңірдегі көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі бастамаларды қолдайды. ШЫҰ негізгі халықаралық мәселелерді талқылау үшін платформа ұсынады, өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Ұйым халықаралық қатынастардағы шиеленіс жағдайында өзекті болып табылатын егемендік пен мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптерін атап көрсетеді.

- Биыл шілде айынан бастап ШЫҰ-ға 10 мемлекет мүше ретінде кіреді. «ШЫҰ отбасы» құрамында әзірге 26 мемлекет, 10 мүше мемлекет, 2 бақылаушы мемлекет және 14 диалог бойынша серіктес бар. Ұйымға мүше мемлекеттердің халқы бүкіл әлем халқының жартысына жуығын, әлемдік аумақтың төрттен бір бөлігін алып жатыр. Осындай іргелі күшке айнала бастаған ұйымның биылғы саммитінен не күтеміз?

- Менің ойымша, ШЫҰ қызметінің одан әрі нақты қадамдарын айқындайтын іргелі құжат ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясының жобасын әзірлеу және оны Астанадағы саммитте қабылдау Ұйымның дамуының алдағы онжылдығын нәтижелі етеді.

Экономикалық өлшем тұрғысынан ШЫҰ-ның өзі орасан зор. Алайда әлі де іс жүзінде сату мен тұтыну нарығы игерілмеген. Экономика және бірлескен даму ШЫҰ-дағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешек векторлары. ШЫҰ ресурстары, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Еуразиялық экономикалық одақпен үйлескен инфрақұрылымға байланысты ортақ қауіпсіздік ортасын құру және жұмыстың жалпы стандарттары мен қағидаларын әзірлеу – ішкі экономикалық кооперацияны жандандыруға қабілетті.

- ШЫҰ туралы тек жақсы жақтарын ғана айтып жүрміз ғой. Бұның бізге тиімсіз тұстары бар ма?

- ШЫҰ-ның бірегей мүмкіндіктері бар, бірақ сонымен бірге жаңа сын-қатерлерден де қашып құтыла алмаймыз. Жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер туралы айтатын болсақ, Еуразиядағы қазіргі жағдай геосаяси шиеленіске, санкцияларға, инфрақұрылымдық проблемаларға байланысты елеулі сын-қатерлер мен тәуекелдермен сипатталатыны анық. Дегенмен, кейбір есіктер жабылған сәтте, басқаларын ашуға мүмкіндік туындайды.  Айтайын дегенім, бұл жағдайда даму мен ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Экономикалық интеграцияны күшейту, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, технологиялық ынтымақтастық және ғылыми-мәдени алмасулар өңірдің орнықты дамуына, халықаралық қатынастарды жақсартуға және Еуразия елдерінің әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

- Биыл ұйымға Беларусь Республикасы қосылады деген болжам бар. Бұл ШЫҰ үшін Еуропаға ашылған терезе бола ала ма?

- Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға 2010 жылдан бері диалог бойынша серіктес, ал 2015 жылдан бері бақылаушы мәртебесінде. 2022 жылғы 16 қыркүйекте Самарқанд қаласында ШЫҰ Мемлекет басшылары Кеңесінің отырысы аясында Беларусь Республикасының ұйым мүшелігіне кіру рәсімін бастау туралы шешімге қол қойылды. 2023 жылғы 4 шілдеде ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Беларусь Республикасының міндеттемелері туралы Меморандумға қол қойылды.

Экономикалық ынтымақтастыққа қатысты Беларусь Республикасының ШЫҰ-ға кіруі айтарлықтай әсер етпейтін сияқты көрінуі мүмкін, өйткені Беларусь пен ШЫҰ-ның қазіргі мүшелерінің экономикалық ауқымын (әлем халқының жартысына жуығы және оның ЖІӨ-нің шамамен 30%-ы) салыстыруға келмейді. Беларусь экономикасының ШЫҰ-ның жиынтық көрсеткіштеріне қосылуы оларға іс жүзінде әсер етпейді, алайда бұл қосылу Беларуссияның өзіне Ұйым аясындағы кейбір бағыттар бойынша – екіжақты негізде, жекелеген мемлекеттермен де, ШЫҰ институттарымен де, атап айтқанда іскерлік кеңес пен Банкаралық бірлестік шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Беларусь ШЫҰ-ның негізгі қатысушыларымен басқа бірлестіктер (Ресей мен Беларусьтің одақтастығы, ЕАЭО), екіжақты қатынастар желісі бойынша экономикалық ынтымақтастықты белсенді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл ынтымақтастықтың әлеуеті айтарлықтай табысты іске асырылып жатыр деуге болады.

- Яғни, ШЫҰ-ға мүше болуы ұйымнан көрі Беларусь республикасының өзіне тиімдірек болады дейсіз ғой?

- Бүгінгі таңда ШЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы жағдай өте күрделі, оның үстіне ол қарқынды өзгеруде. Сондықтан өңірлік қауіпсіздік мәселелері, террористік қатерлерге бірлесіп қарсы тұру ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің назарында болады. Беларусь бастапқыда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыс қатерлеріне қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамытудың нақты тетіктерін пысықтау үшін маңызды халықаралық алаң ретінде қарастырады және Еуразия өңіріндегі тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде ШЫҰ-ның экономикалық өлшемін нығайтуды дәйекті түрде қолдайды. Бірлестіктің толыққанды мүшесі бола отырып, Беларусь ШЫҰ қызметінің барлық негізгі өлшемдеріне белсенді қатысуы арқылы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық динамикасына өз үлесін қосуды жалғастырады. ШЫҰ-ның кеңейіп келе жатқан құрамы халықаралық деңгейдегі сапалы жаңа көкжиектерін, халықаралық күн тәртібіне сапалы ықпал ету мүмкіндіктерін ашады. Кеңейту нәтижесінде бірлестік тек аймақ ішіндегі құрылым болуды тоқтатты. Бұл сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді.

- ШЫҰ-ның кеңейе бастауы, географиясының ауқым алуы, қаржылық, саяси салмағының өсе түсуі өзге де халықаралық саяси ұйымдарға әсер етпей ме?

- Дәл осы еуразиялық идея платформасында бір уақытта реинтеграция үдерісі басталды. Ал ЕАЭО-ның құрылуы осы үдерістің индикаторларының бірі болды. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев ТМД Үлкен Еуразия немесе үлкен еуразиялық әріптестік сияқты мега-жобаны іске асыру үшін ең қолайлы база бола алатынын айтты. Бұл ретте ШЫҰ, АСЕАН, Еуразиялық экономикалық одақ осындай Еуразиялық кеңістіктің ажырамас бөлігі бола алар еді. Алдағы онжылдықта Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері сияқты дәстүрлі достас елдер біздің аймақтың экономикасында ірі инвесторлар бола алады.

Табысты интеграциялық бірлестіктерге тарихи тұрғыдан қарасақ, әрқашанда магнит, аймақтық үдерістердің тартымды күші ретінде жұмыс істеді.

Осы тұрғыдан алғанда, қалыптасқан жағдайларда Еуразиядағы ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалы тәсілі әр елдің ерекшеліктерін ескере отырып, екіжақты қатынастарды дамыту болары анық. Бірақ сонымен бірге, бұл ынтымақтастық көпқырлы болуы керек екенін атап өткім келеді. Бұл оны жүзеге асырудағы сапалы өзгерістердің бірі болар еді. Көпқырлы сипат осы ынтымақтастықты нығайтуға және оның сыртқы әсерлерге төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл қазіргі уақытта ең өзектімәселелердің бірі.

Егер нақты форматтар туралы айтатын болсақ, онда Еуразия елдеріне экономикалық ынтымақтастықтың негізгі салаларында нақты егемендікті қамтамасыз ететіндер осы тұрғыда ең перспективалы деуге болады. Қолданыстағы экономикалық байланыстарды нығайту және жаңа сауда маршруттарын құру, тауарлар мен қызметтердің қозғалу жолындағы кедергілерді азайту ЕАЭО аясындағы көпжақты тректер қатарында. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өңір елдері арасындағы неғұрлым тиімді сауданы қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды дамыту қажет.

- Ұйымға мүше болған әр мемлекет өз пайдасын көздейтіні белгілі. Бұл кез келген халықаралық ұйымның қағидаты. Біздің ел де бірнеше ұйымға мүше. Біз ШЫҰ-дан не күтеміз?

- Астана, атап айтқанда, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін құбырлар мен басқа да энергетикалық объектілерді салу, жаңартылатын энергия көздерін игеру; көлік байланысын жақсарту үшін темір жолдарды, автожолдар мен теңіз порттарын жаңғырту; жүк тасымалдауды оңтайландыру және көлік шығындарын азайту үшін логистикалық орталықтарды дамыту; озық технологиялар мен білімдермен алмасу, жоғары технологиялар саласындағы кооперацияларды дамыту жобаларына қызығушылық танытады; білім беру және мәдени алмасу саласында бізге студенттер мен академиялық алмасулар және университетаралық ынтымақтастық қажет.  

Ынтымақтастықтың бұл форматтары өңірдің тұрақты дамуына, Еуразия елдері арасындағы экономикалық және саяси қатынастарды жақсартуға, сондай-ақ тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.

Біз еуразияшылдықтың теориялық моделіне және Еуразия терминологиясының өзіне әр түрлі көзқараспен қарай аламыз, алайда 1998 жылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы Мемлекетаралық Кеңесінің № 25 шешімімен «қарапайым адамдарға бағытталған он қадам туралы» мәлімдеме қабылданған кезді еске түсірген жөн. Бұл құжатты болашақ Еуразиялық экономикалық одақтың Конституциясы деп те атайды.

Осы тұрғыдан алғанда, ШЫҰ да, біздің басқа интеграциялық бірлестіктеріміз сияқты, мүше мемлекеттердің, бақылаушылар мен диалог серіктестерінің кең ауқымы үшін жаңа тұжырымдамалар мен тартымды даму идеяларын қалыптастыруы керек және бұл қарапайым адамдар үшін өте маңызды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 24.KZ