ШЫҰ саммиті мемлекеттер арасында саяси сенімді нығайтады – сарапшылар

ШЫҰ қауіпсіздіктің ғана емес, экономикалық даму мен интеграцияның қозғаушы күшіне айналды, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені құрылым маңызды салаларды ілгерілетіп, халықаралық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге күш салуда. Әлем көз тіккен Астанадағы саммитте де аймақтық және жаһандық дамуға ықпалы зор маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде. Халықаралық белді сарапшылардың пікірі қандай?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- ШЫҰ бірлескен бастамалар аясында саяси сенімді нығайтып, көпжақты ынтымақтастықты дамыту алаңының біріне айналды. Қазақстандағы Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймерденова осылай дейді. Оның айтуынша, халықаралық құрылымның экономика, сауда, мәдениет салалары мен қауіпсіздік бойынша байланыстарды ілгерілетудегі рөлі орасан.

Гүлнар Шаймергенова, Қазақстан-Қытай зерттеу орталығының директоры:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізі қаланғалы 23 жыл ішінде халықаралық құрылым ретінде аймақтық қауіпсіздікті қамтаасыз ету мен нығайту үлгісін сәтті қалыптастырды. Ұйымға мүше мемлекеттер сауда қатынасын күшейтіп, өзара байланысты жақсартты. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер пайда болып, оларды тиімді жүзеге асыруға қол жеткізді.

ШЫҰ халықаралық сахнада аз уақыт ішінде әлемдегі жаһандық үдерістерге ықпал етуге қабілетті ірі ойыншыға айналды. Әскери салада өзара сенімді нығайтып, қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етудің үлгісін көрсетті. «Әсіресе, Орталық Азия елдері мен Қытай ынтымақтастығы артып, мүше мемлекеттер әртүрлі салада берік серіктестік орната алды», - дейді өзбекстандық дипломат.

Бақтиер Мирзаев, Гуанчжоудағы Өзбекстан Бас консулдығының сауда-экономикалық кеңесшісі:

- Меніңше, биылғы саммит мүше елдер үшін өте нәтижелі болады деп ойлаймын. Әсіресе, алып Қытай мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы қарқын алады деген сенімдемін. Ұйым шеңберінде көптеген бірлескен жобалар қолға алынып, сәтті жүзеге асырылып келеді. Өзбекстанның инвестициялық әлеуеті артып, іскерлік мүмкіндіктері кеңейді.

Астанадағы саммиттен ұйымға мүше елдер көп үмітті. Жиын аясында түрлі салаларды дамытуға бағытталған 20-дан астам құжатқа қол қойылуы мүмкін. Құрылым жаңа мемлекетпен толығуы ықтимал. Беларусь барлық құжаттарды тапсырып, ұйымға мүше болуға әзір отыр.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

- Біз барлық міндеттемелерімізді орындадық. Беларусьтың ШЫҰ-ға қосылуы үшін ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Біздің мемлекет үшін бұл үлкен мәртебе. Себебі, әлемнің ірі елдері көшбасшыларының басын қосатын халықаралық алаң қауіпсіздік қана емес, экономика тұрғысынан да өте маңызды.

Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, ұйымның аймақтық қана емес жаһандық мәселелерді шешуде де рөлі орасан. «Ал Астанадағы саммит мемлекеттер арасында саяси сенімді нығайтып, өзара ықпалдастықты одан әрі нығайта түседі», дейді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева