Түркия – ШЫҰ-ның маңызды серіктесі

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитіне түркі елдерінің басшылары, оның шінде, бауырлас Түркияның президенті Режеп Тайип Ердоған қатысып жатыр.

Бұл көпжақты диалогтағы бірқатар мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Елордадағы халықаралық жиынға қатысты туыстас ел сарапшылары қандай пікірде?

Иә, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті жайлы түріктің барлық ақпарат құралы жазып жатыр. Түрік БАҚ беттерінде президент Ердоғанның қатысуымен кеше өткен екіжақты және үшжақты кездесулер жайлы айтылып, күн тәртібінде қандай мәселелер көтеріліп жатқанын сөз етуде. Түріктің ең белді саналатын Анадолы агенттігінің басты бетінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымы қарсаңында Си көпполярлы әлемге жақтас екенін білдірді» деген тақырыппен мақала жарық көрді.

Ал, Түркияның академиялық зерттеулер институты басшысының пікірінше, туыстас түркі мемлекеттері Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылымын нығайтып, беделін асырып отыр. Астана әлемдік дипломатия мен диалогтың алаңы екенін тағы бір рет көрсетті дейді.

Осман Кепенек, Академиялық зерттеулер институтының басшысы:

- Бұл саммитте ұйым көшбасшылары экономика мен энергетикадан бастап халықаралық қауіпсіздік пен логистикаға дейінгі мәселелерді қарастыратыны белгілі. Тараптар, сондай-ақ, ұйымның аймақтық және жаһандық белсенділігін арттыру  жолдарын талқылайды деп ойлаймын. Халықаралық құрылым келешекте әлемдегі бір полярлы саяси жүйені көп полярлы жүйеге айналдыратын маңызды ұйымға айналуы мүмкін. Бүгінгі басқосуда осы бағытта маңызды шешімдер қабылдануы ықтимал. 

Түркия Республикасы қоршаған орта және урбанизация министрлігінің кеңесшісі, халықаралық қатынастар жөнінде тәуелсіз сарапшы Тугрул Чамаштың пікірінше ұйым қоршаған ортаны қорғау бойынша да бірқатар келісімге келуі мүмкін.

Тугрул Чамаш, халықаралық қатынастар жөнінде тәуелсіз сарапшы:

- Еуразиядағы ынтымақтастық қайта құрылуда. Мұндағы Астананың дипломатиялық миссиясы өте жоғары.

Күллі дүние батыс пен шығыс деп екіге бөлінген шағында Қазақстан астанасы - Еуразияда дипломатиялық орталыққа айналды. Астанадағы саммит қазір әлемде түрлі сын-қатерлер күйшеген кезеңде өтіп жатқанын айта кету керек. Сол себепті Шанхай ынтымақтастығы ұйымына жүктелген міндет зор. Бүгінгі жиында ұйымды қайта құрылымдау мәселесі қарастырылады. Азияда қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасы құрылуы мүмкін деп ойлаймын. 

Жалпы Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымының диалог серіктесі. Елдің ШЫҰ-ға мүше елдерге экспорты соңғы 5 жылда 85 пайызға артты. 2019 жылы ұйымға мүше елдерге 14,1 миллиард доллар экспорттаса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 26,1 миллиард доллар болды.

Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия