«ШЫҰ плюс» саммитінде маңызды келісімдер жасалды. LIVE
Елордада «Шанхай плюс» саммиті аяқталды.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін айтты. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазір әлемдік аренада беделді ұйымға айналды. Қазіргі сын сағаттарда ұйымға жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл бағытта алда ауқымды іс-шара мен ілкімді істер тұр. Алқалы жиындағы маңызды ұсыныстарға срапшылардың пікірі қандай?
Қуандық Танабас, тілші:
Астана саммитінің форматы бұрнағы жиындардан ерекшеленді. Атап өтерлігі, саммит алғаш рет Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс форматында өтті. Енді қабылданған құжаттарға келетін болсақ, әуелі Астана декларациясын атар едім.
Бұл аталмыш ұйымды дамытуда аса маңызды құжаттардың бірі. Қазақстан билігі аталған құжатты әзірлеуге көп дайындалды. Бұл құжатқа бүгін ШЫҰ мүше елдері қол қойды. Бұл үлкен күш-жігерді қажет етті. Бұдан бөлек Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жалпы саны 25 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық қауіпсіздік, мәдени байланыстарды арттыруға бағытталған. Құжаттарда қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды өңдеу мәселелеріне де айрықша мән берілген.
«Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы плюс» форматындағы кездесу Мемлекет басшысы үйлесімді даму үшін ШЫҰ көпжақты ынтымақтастықты арттыруы тиіс деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына орай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларында да ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды. Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Жансая Нұралиева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы