Қазақ-өзбек бауырластық байланысы беки түсті

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу межесі тұр.

Екі мемлекет осындай ауқымды жоспар құрып отыр. Бұл жайында бүгін өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің елімізге жасаған мемлекеттік сапары барысында мәлім болды. Маңызды келісімдер жасалып, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентімен бірқатар маңызды нысанның ашылу салтанатына қатысты.

Бүгінде қазақ-өзбек достық қарым-қатынастары Орталық Азия елдері үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де жақсы үлгі. Тарихымыз «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан халықпен жібек жіптей бірге өріледі. Дипломатиялық қатынас орнаған 30 жылдан астам уақыт ішінде қоңсылас жатқан көршімен арада дорба емес, жорға жүргізген жайымыз бар. Дегенмен іргедегі бауырлас ағайынмен талқылайтын мәселе жетерлік.

Бүгінде қазақ пен өзбектің ынтымағы жарасқан. Әр саладағы байланыс нығайып, жыл санап қанат жайып келеді. Әріптестік аясын кеңейтетін зор әлеует бар. Міне, осы мәселелерді талқылау үшін қазақ басшысының шақыртуымен елге мемлекеттік сапармен Өзбекстан президенті келді. Мәртебелі мейманды Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев аса құрметпен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, екіжақты келіссөз жүргізуге аттанды. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика бағыттарындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту жайын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысының бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан халқы сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек.

Жалпы бүгінде өзбек ағайынмен арадағы сауда-экономикалық байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Соңғы 5 жылда алыс-беріс 29%-ке өскен. Былтыр сауда-саттық көлемі 4,4 млрд долларға жеткен. Ендігі меже бұл көрсеткішті әуелі 5 кейін 10 млрд долларға жеткізу болып отыр.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Тауар айналымды көтеретін бірнеше жоба бар. Енді негізінде Өзбекстан сауда-саттық бойынша бізде 7-ші орында. Жеңіл өнеркәсіп, киім, аяқ киім шығаратын жобалар. Құрылыс жағынан да металл бұйымдар жасайтын ірі жобаларымыз бар.

Сонымен қатар қазір ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл мәселелер президенттер қатысқан Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысында қаралды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтетіндігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық, серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатыр. Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін береді деп сенеміз.

Айта кету керек, қазір екі елдің 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленген. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес те құрылып жатыр. «Мұның барлығы екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді», – деді өзбек басшысы.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл, шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін.

Бауырлас халықтардың өсіп-өркендеуіне білім саласындағы маңызды жобалар да ықпал етері сөзсіз. Мәселен, жыл сайын 5-7 мыңдай өзбекстандық студент Қазақстанда білім алуға келеді екен.

Енді біздің мықты деген жоғары оқу орындарын көрші мемлекетте ашу туралы шешім қабылданды. Осылайша, бүгін Ақордада бейнебайланыс режимінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, сондай-ақ «Ташкент Ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ашылу салтанаты өтті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Ташкент университетімен бірігіп, су шаруашылығы, ирригация, гидротехника жалпы су мәселелері бойынша арнайы бағдарламалар ашылады. Бұл неліктен маңызды? Біріншіден, қазіргі таңда Орталық Азия аймағы үшін су өте үлкен мәселеге айналып отыр. Енді Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп, ғылыми шешімдер табуға бет бұрды. Бұл ортақ мәселе.

Көлік-логистика бағытында да маңызды жоба бар. Биыл сәуір айында президенттер Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша келісімге қол жеткізген. Соның аясында қазір жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Мәселен, бұрын Қытайдан Өзбекстанға тауар тасымалдау 20 күнге дейін созылса, бүгінде контейнерлі пойыз 4 мың 486 шақырым жолды 5 тәулік ішінде жүріп өте алады. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев дәл осы пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған шараға да қатысты. Айта кету керек, былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі 31 миллион тоннадан асқан.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Былтыр Қытайда Сиань қаласында арнайы терминал салынды. Қазір Өзбекстанға баратын жүктердің барлығы сол жақта жиналып, тиеліп жатыр және сол терминалдан контейнер арқылы Өзбекстанға дейін екі теміржолдың бірлескен жобасының нәтижесінде 5 күнде жеткізіліп жатыр. Бұл уақытты біз айтарлықтай қысқарттық. Жүк еш жерде тоқтамай жеткізіліп жатыр. Бұл үлкен жетістік.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға үлкен делегациямен келді. Оны мына қаз-қатар тізілген көліктерден-ақ аңғаруға болады.

Айта кету керек, кеше елордада Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өткен еді. Бұл шараға екі елден 450-ден астам бизнесмен қатысып, маңызды деген құжаттарға қол қойған.

Бүгінде екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация белсенді түрде дамып келеді. Қазірдің өзінде қос мемлекеттің жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобасы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз.

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев талқыланған тағы бір маңызды тақырыптың бірі көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы іргедегі көршілерімізді Транскаспий халықаралық көліктік бағытын тиімді пайдалануға шақырды. Сонымен қатар тараптар екі ел арасындағы шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу жайын пысықтады. Бұл қаузалған мәселелер өзара сауда-саттыққа тың серпін беретіні сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 миллион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнімдерін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімдерін Өзбекстаннан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттауды жалғастыра береміз.

Жалпы іргедегі көршіміз өзбек басшысының мемлекеттік сапары сәтті өтті. Тіпті бірлескен жүйелі және практикалық шаралардың нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне шығарғанын да Шавкат Мирзиёев ерекше атап өтті. Ал екі елдің достық, бауырластық қатынасын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін мәртебелі мейманға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан – біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз.

Уақыт сынынан өткен бауырлас мемлекеттердің серіктестігі ары қарай да достық сипатта нығая бермек. Жалпы Шавкат Мирзиеевтің елімізге жасаған мемлекеттік сапары аясында сан саланы қамтыған 10-нан астам маңызды құжатқа қол қойылды.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев. ПТРК.