Тоқаев: Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті.
Қазақ басшысы бірлестіктің жетістіктеріне тоқталып, шекара, су, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп жатқанын жеткізді. Оған қоса өзара саудада көптеген кедергі жойылды. Мәдени-гуманитарлық байланыс та бекіп келеді. Президент серіктестікке серпіліс беру арқылы Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз деді. Біздің аймақ келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танылады. Ал бүгінгі саммит осы жолдағы маңызды белеске айналмақ. Әсіресе қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытқа қатысты бірқатар міндетке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Cоңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы.
Мемлекет басшысы Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды. Берік экономикалық базаны қалыптастыруды да маңызды міндет ретінде атады. Өңір ішіндегі сауда көлемі ұлғайып келеді. Қазір көрсеткіш 11 миллииард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті. Көлік-транзит, су-энергетика, һәм ғылым саласындағы серіктестік жайы да айтылды. Сөз соңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді.