Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытындағы есебі таныстырылды

Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында жұмысын бастаған «SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі көпшілікке таныстырылды.

Есепте заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар және Ақмола облысында іске асырылған жобалар жөнінде құжаттар қамтылған. Сараптамалық зерттеулерді талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы, халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және зерттеу институттарының сарапшылары қатысты. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Акселератор бірегей бастама және ол елдің орнықты дамуына қатысты жаңа идеялар мен нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейтінін атап айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шілденің аяғында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Аталған құжатта айқындалған тәсілдер негізінен ұлттық және өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге арналған. Алдымен, Орнықты даму мақсаттарының өңірлік деңгейде іске асырылуы өте маңызды. Акселератор жұмысының аяқталуына қарамастан, облыс әкімдігін және команда мүшелерін жобалардың іске асырылу тиімділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп тұруға шақырамын. Іс-шараның қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгіземіз немесе жаңа заңдар әзірлейміз. Мұндай жоба еліміздің басқа өңірлерінде де көптеген идеялардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сенат алдағы кезеңде де сындарлы бастамаларға жүйелі қолдау көрсетуге дайын.