Қазақ-неміс қатынасы нығая түседі
30 жылдан астам уақыттан бері Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық байланыс тек нығайып келеді.
Әр саладағы ынтымақтастық өз жемісін беріп жатыр.
Германия канцлерінің Орталық Азияға сапары басталады дегеннен-ақ әлемдік БАҚ: «Ресми Берлиннің Орталық Азияға өз жоспары бар», – деп жарыса жазып жатыр. Дегенмен де мұның астарында азғантай болса да, шындық жатыр. Себебі қазіргідей аумалы-төкпелі, геосаяси жағдай құбылып тұрған заманда әркім көрпені өзіне қарай тартары анық. Дегенмен де қазіргі көрсеткіштер ауыз толтырып айтарлық. Тіпті Қазақстан Германияның Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі мұнай тасымалдаушысына айналуы мүмкін деген болжам бар. 2023 жылы Қазақстан Германияға 8,5 миллион тонна мұнай экспорттаған. Бұл – Германияның жалпы мұнай импортының 11%-нен асады.
Естеріңізде болса, былтыр осы уақытта Мемлекет басшысы Германияға ресми сапармен барған еді. Энергетика, мұнай-газ, барлау жасалмаған кен орындарын игеру, сондай-ақ табиғи ресурстар, жасыл экономика жөнінде бірқатар келісімге қол қойылды. Біздің сарапшылардың пайымынша, Германия канцлері сол келісімдердің жүзеге асуын жеделдетуге келіп отыр. Өздеріңізге белгілі, былтыр Президенттің Германияға сапары барысында қос ел арасындағы серіктестік «Неміс сапасымен Қазақстанда жасалған» ұғымы бойынша жалғасатыны айтылып еді. Бұл бастаманың сәтті боларына Германия тарапы да сенімді.
Беате Эшмент, Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер институты зерттеушісі:
- Cоңғы уақытта ресми Берлин мен кәсіпкерлердің Қазақстанға деген қызығушылығы арта түсті. Германия тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері Қазақстанды аймақтағы басты серіктесі санап келеді. Бірақ соңғы геосаяси ахуалдар мен Астананың сыртқы саясаты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды деп санаймын. Мұнай мен геология саласындағы қарым-қатынас қарыштап дамып келеді. Бұл ағынға қазір ғылыми-академиялық, мәдени-ағартушылық бағыттағы әріптестікті сенімді түрде қосуға болады және канцлердің сапарының үлкен саяси да мәні бар. Бұл өңірдегі әріптестерге Қазақстанның сенімді серіктес қана емес, аса бағалы серіктес екенінен хабар берері сөзсіз.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы сауда айналымы 5,6 млрд доллардан асты. Ал оның тең жартысы – Қазақстанның үлесі. Екінші орында Өзбекстан – 1,0 млрд, қалған бөлігі Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне тиесілі.