Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 79-шы сессиясы өтіп жатыр
Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясының 79-шы сессиясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сөз сөйледі, деп хабарлайды 24KZ.
Дипломатия мен халықаралық диалогтың басты алаңына айналған жиында еліміздің ұйымдағы бастамалары мен жаһандық бейбітшілікке қолдау көрсетуге арналған ұстанымдары айтылды.
Халықаралық қауымдастық жаһандық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер мен ядролық қарусыздану мәселелерін шешуде бірігу қажет. Бұл туралы БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген СІМ Мұрат Нұртілеу айтты. Ол өз сөзінде жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерге тоқталып, БҰҰ-ның тиімді әрі сенімді ұйым болып қалуы үшін оның реформасын жалғастыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ климаттық өзгерістердің салдарынан болып жатқан құрғақшылық, су тасқыны және басқа да апаттардың әлем елдеріне тигізіп жатқан әсерлерін тілге тиек етті.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Бірде-бір мемлекет елемеуге болмайтын тағы бір экзистенциалды қауіп – бұл климаттың өзгеруі. Биылғы жыл болжам бойынша тарихтағы ең ыстық жыл болады. Құрғақшылық, су тасқыны және басқа да климаттық апаттар адамдардың өмірін қиып, бүкіл әлемдегі экономикаларға зиян келтіруді жалғастырып жатыр. Біз «жиырмалық топ» елдерін және көпжақты даму банктерін Париж келісіміне сәйкес табысы төмен және орташа елдерге жасыл технологиялар мен жеңілдетілген қаржыландыруды ұсына отырып, жауапкершілік танытуға шақырамыз.
Биылғы сессиясының тағы бір ерекшелігі, жасанды интеллект мәселесі ұйым тарихында алғаш рет күн тәртібіне енгізілді. Бұл ЖИ-дің қарқынды дамуы және оның жаһандық қауіпсіздік пен экономикаға ықтимал әсері туралы халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын көрсетеді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан БҰҰ осы революциялық бағытта жетекші рөл атқара алады және атқаруы тиіс деп санайды. Біз технологиялық және цифрлық тұрғыда дамыған мемлекеттерді ЖИ-ді барынша жауапты және бейбіт жолмен басқару үшін жалпы этикалық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге белсенді қатысуға шақырамыз. БҰҰ-ның Жасанды интеллект жөніндегі офисін құру осы бағыттағы маңызды қадам болар еді.
Қазақстанның сыртқы саясаты бейбітшілік пен келісімге негізделген. Мұрат Нұртілеу Біріккен Ұлттар Ұйымының алдағы 80 жылдық мерейтойына орай барлық мүше елдерді бірлесе отырып, жарқын болашақ құруға шақырды. Айта кетейік, 20 күнге жуық созылған 79-шы сессия ертең аяқталмақ.
Авторы: Талғат Алманов.