Сарапшы: АЭС – арзан энергия өндірудің жолы

АЭС – ауаға көмірқышқыл газ бөлмейтін және елді электр энергиясымен қажетті мөлшерде қамтамасыз ететін жалғыз жол.

Халықаралық ядролық және сутекті технологиялар бірлестігінің басшысы Пак Ки Чоль осылай мәлімдеді. Оның пікірінше, Оңтүстік Корея сияқты көптеген ел атом энергиясының арқасында түрлі саласын дамытып, экономикалық озық мемлекеттерге айналған. Толығырақ осы елдегі тілшіміз тарқатады.

Оңтүстік Корея Атом электр станцияларының арқасында жартылай өткізгіштер мен автомобиль экспорты саласында көшбасшы елдің біріне айналды. Бұл туралы Кореяның су және атом энергетикасы бірлестігінің бұрынғы атқарушы директоры Пак Ки Чоль мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің өнеркәсіптік дамуы үшін көп мөлшерде арзан электр энергиясы қажет болған. Оңтүстік Кореяның алғашқы Атом электр станциясы іске қосылғаннан бері ең арзан электр энергиясын өндіріп келеді. Оның бағасы 1 киловатт-сағатына шамамен 50 вонды құрайды, ал күн панельдері мен көмір электр станциялары 1 киловатт-сағатын 180-250 вонға өндіреді.

Пак Ки Чоль, Халықаралық ядролық және сутекті технологиялар бірлестігінің президенті:

- Болашақта роботтар мен дрондар жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін болады. Оларды іске қосу үшін көп энергия қажет. Ал оны арзан әрі шексіз мөлшерде тек АЭС бере алады. Қазақстанда үлкен көмір қорлары бар. Бірақ климаттың өзгеруі жағдайында оны пайдалану тиімсіз. Күн мен жел энергиясы болса электр қуатын тәулігіне бірнеше сағат қана өндіреді. Сондықтан АҚШ, Ұлыбритания және Франция АЭС-ті пайдаланады, тіпті атом энергетикасынан бас тартқан Германия, Швеция және Италия да қазір оған қайта оралып жатыр.

Пак Ки Чоль теңізге шыға алмайтын елдерде АЭС салу мүмкіндігін де түсіндірді. 

Пак Ки Чоль, Халықаралық ядролық және сутекті технологиялар бірлестігінің президенті: 

- Қазір теңізге шыға алмайтын Чехияда Атом электр станциясын салу жоспарланып отыр. Олар көлдің суын пайдаланбақ. Францияда Сена өзенінің жоғарғы ағысында Атом электр станциясы орналасқан. АЭС турбиналарды айналдыру үшін буды пайдаланады, содан кейін оны суға айналдыру үшін салқындату қажет. Егер теңіз болса, буды теңіз суымен салқындатуға болады. Бірақ ол болмаса тез салқындататын құрылғылар қолданылады.

Пак Ки Чольдің айтуынша, атом энергетика технологиялары жыл сайын жетілдірілуде, ал келешекте шағын атом реакторларының рөлі артпақ. Себебі АЭС-ті салуға шамамен 10 жыл қажет болса, шағын модульді реакторды 2-3 жылда іске қосуға болады. 

Владислав Цой, Ольга Лян